Айғақ (Шымкент)

12 желтоқсан, 2015

ҚазҰУ-менің мақтанышым!

Алтын ұя мектебімнен түлеп ұшқан соң, жаңа өмірге аяқ басып, бір маман иесі болу арманым болатын. Мамандық таңдауда ата-анамның айтқан ақыл-кеңесіне сүйендім. Сөйтіп, талай жастарға арман болған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінің студенті атандым. Университетке аяқ басқалы бері өзімді нағыз білім ордасына, жалынды жастардың қатарына енгеніме өте қатты қуанамын. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміз бен біздің жастарымыздың басты байлығы - сапалы білім беру жүйесінің тірегі, ескінің көзін көрген, 80 жылға жуық тарихы бар Ұлттық университетке еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақың, шет елдерден келіп, оқып жатқан студенттер өте көп. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті - Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие Қазақстан білімі мен ғылымының инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы.

Сонымен қатар, ең бай, Орта Азиядан ойып тұрып орын алатын ең үлкен кітапхана - әл-Фараби атындағы кітапханасы университеттің тамаша ғимараттарының бірі болып саналады. Кітапханадағы екі миллионға жуық кітаптың 60%-ы қазақ тілінде болса, шет тілдеріндегі кітап он пайызды құрайды. Кітапханада электронды каталог та жұмыс істейді. Қойнауы кітапқа бай, зәулім сарайлы кітапханамызда әр студент өзінің керегіне еш қиындықсыз қол жеткізе алады.

Университет Қазақстандағы аса ірі интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар, 300 орындық Интернет-орталық бар, мұнда студенттік билетің болса, 1 сағат тегін ғаламтор қызметін пайдалануға болады.

Сонымен қатар, студенттер қалашығында «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен тамақтандыру комбинаты жұмыс істейді.

Білім ордасында Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Ө.Марғұлан Д.Соколовский тәрізді аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыған. Университеттің әйгілі түлектері: З.Қабдолов, Ө, Кекілбаев, М.Мағауин, О.Сүлейменов, Т.Молдағалиев, Б.Жұмағұлов, Ж.Ерман, Д.Исабеков секілді беделді тұлғалар университет мақтанышы.

Осындай тарихы бар, көненің көзін көрген, Қазақстандағы университеттердің қара шаңырағында оқып жатқанымды, мақтанышпен айта аламын.

Университетгің қалашығы, әсем табиғаты қандай тамаша! Білім ордасының әр бұрышы жаныма жақын. Ата-анамның үкілеген ақ үмітін ақтап, өзіме арман болған қала Алматыдағы Ұлттық университетке түскеніме қуанамын! Сол себепті де, менің таңдауым жалынды жастардың отаны-Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті!

Альбина АСАНБАЕВА, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, механика-математика факулътеті, информатика кафедрасының I курс студенті.