Жастарға керегі -көк тудың желбірегені
...Сұңқары кең самғаған тынысы кең, Тұлпары жаңылмаған жүрісінен, Еркіндік күле қарап келген маған, Кестелі том-том тарих тігісінен, - деп жырлаған жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы шабыттың шырқау шыңына шығып, талантының таза бағасын алды. ҚазҰУ-да тұңғыш Президент күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты III республикалық патриоттық жастар фестиваліне қатысушылардың рухының асқақтығы өлеңнің әрбір тармағынан сезіліп-ақ тұр. Фестивальге республикамыздың түкпір-түкпірінен Мұқағали сынды дарынды және талантты патриот жастар, инновациялық жобалар мен шығармашылық туындылардың авторлары жиналды.
«Сіздер тәуелсіздіктің құрдастарысыздар. Осы тәуелсіздігімізді жоғалтпау, оның мәңгі болуы сіздерге байланысты. Фестивальдің басты мақсаты осында отырған әрбір жасқа «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» деген ой салу. Дамыған елдердін атын атай бастасақ, бірден сондағы жастардың отансүйгіштік деңгейі мен сол елдің тұрғындарының рухының биіктігі көз алдымызға келеді. Бір ғана Жапонияның өзі қандай мысал бола алады. Бізге ең керегі - көк тудың желбірегені. Сіздер сияқты патриот жастар барда биікке қадаған туымыз жығылмайды», -деп ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов жастарға деген сенімін білдірді.
Ауқымды іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Жазушылар Одағы, «Жас Отан» жастар қанаты және Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Алматы бөлімі жетекшісі Қорғанбек Аманжол, ақын Бақыт Беделхан, «Ақиқат» журналының бас редакторының орынбасары Қыдырәлі Қойтай, «Түркістан» газетінің бас редакторының орынбасары Жаңабек Шағатай, "ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN" ЖШС бас директоры Серікхан Хастүркгала-форумның арнайы қонағы болды.
Ұйымдастыру комитетіне еліміздің 60-тан аса жоғары оқу орнынан барлығы 636 жұмыс келіп түскен. Олардың ішінде ерекше авторлық жобалар мен шығармалар, сондай-ақ ұжымдық еңбектер де бар. Іріктеу кезеңінде 200 үздік жоба анықталып, жоба авторлары фестивальдің гала-форумына шақырту алды. Байқау жеңімпаздарын анықтауда қатысушылар ұсынған туындылардың шынайылығы, шешімдерінің ерекшелігі, ойлау ұшқырлығы, тұжырымдамалығы, шығармашылық әлеуеті сияқты мәселелер басты назарда болды.
«Мен жастарға сенемін» патриоттық фестивалінің гала - форумының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан студенттері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты сертификатына және арнайы сыйлықтарға ие болды. «Менің ел дамуына қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық жобалар байқауында О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенттері Сағындық Ерасыл мен Бектұрсын Бекнұр, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты эссе бағыты бойынша ҚР ІІМ комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының 3-курс курсанты Нұрмұхамбет Бостанбек, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті Мұқағали Кенжетайұлы студенттік поэзиялық азаматтык-патриоттық шығармалар байқауында жалынды жыры мен ақындық талантымен көзге түссе, «Мәңгілік ел - мұратым!» патриоттық ән байқауында Еуразия технологиялық университетінің сту-денті Әбдихан Әуезхан фестивальдің жеңімпаздары атанды.
Нұрмұхамбет Бостанбек, фестиваль жеңімпазы:
- Осындай ауқымды іс-шараға қатысушы ретінде ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Біз түрлі аймақтардан келген патриот жастармен танысуға үлкен мүмкіндік алдық. - Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын деп жүре бермей, шын атсалысып, білек сыбана еңбек ету керек деп ойлаймын. Елі үшін аянбайтын ерлер көп болсын.
Қазақстанның жалынды жастары қазақ елінің көркейіп дамуына, қолда бар беделі мен тәуелсіздік тұғырының биік болуына еңбек етуі -болашағымыздың жарқын боларының кепілі. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп үміт арқалап кеткен. Сенімді ақтар ұл мен қыз аман болғай!