ҚазҰУ-да Жас ғалымдар үйі ашылды

12 желтоқсан, 2015

ҚазҰУ-да Жас ғалымдар үйі ашылды. Бұл Қазақстандағы магистранттар мен докторанттарға арналған алғашқы тұрғын үй кешені. Әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инвестициялар тартылды.

«Біздің кешен өзге университеттерге үлгі боларлықтай. Себебі Қазақстандағы жоғары оқу орындарында мұндай тұрғын үй нысаны жоқ. Университет басшылығы жас ғалымдардың тұрғын үй мәселелесіне өте көп көңіл бөледі. Ал ол өз кезегінде сапалы кәсіби маман дайындауда оң нәтиже беруде», - деді ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев.

Тұрғындардың қуанышында шек жок. Енді олар коммерциялық баспана іздеп әуре болмайды, оның үстіне қаржыларын да біршама үнемдейтін болады. Экономикалық тұрақсыздық жағдайында бұл жастарды қолдауға бағытталған ауқымды жоба. Оның үстіне тұрғын үй кешені барлық заманауи талаптарға сай. ҚазҰУ магистранттары мен докторанттары бүгінде жайлы бөлмелерде қоныс тойын тойлауда. Мұнда дәретхана, себезгі кабиналары мен жаңа жиһаз, бір сөзбен айтқанда тұрмыста қажеттінің бәрі бар. Әр қабатта толық жабдықталған ас бөлмесі мен кір жуатын жай қарастырылған. Сонымен қатар, заманауи телекоммуникациялық жылдамдығы жоғары Wi-Fi желісі орнатылған, денсаулық сақтау пункті мен би және жаттығу залдары да жұмыс жасайды. Жас ғалымдар үйі қалашық аумағында ыңғайлы орналасқан және үйдің алдында балалар алаңқайы мен автотұрақ бар.

«Біз, жастарға, соның ішінде студент жастарға аса үлкен көлемде көңіл бөліп отырған мемлекетімізге, президентімізге алғысымыз шексіз. Жас ғалымдар үйі – біздің екінші үйіміз. Мұнда жайлы өмір сүруге арналған қажеттінің бәрі бар. Оның үстіне жемісті еңбек етуге де барлық жағдай жасалған. Мұнда жас ғалымдар болашақта үлкен-үлкен ғылыми жобаларға айналытын жаңа идеяларды тудырады», - деді химия және химиялық технологиялар факультетінің докторанты Айнұр Иманғалиева.

ҚазҰУ-да шетел жоғары оқу орындарынан келген профессорларды ғылыми жетекшілік жасап жүрген студенттерімен жұмыс барысында жиі кездестіруге болады. Жалпы аумағы 4,5 мың шаршы метр болатын 500 орынға шақталған жас ғалымдар үйінде профессорларға арналған бөлмелер де қарастырылған. Сол арқылы жастардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін көтеруге септігін тигізетін ғылыми-зияткерлік орта қалыптасуда.

Бұл университет тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған жалғыз нысан емес. Өткен жылы жаңа кітапхана мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының құрылысы аяқталған болатын. Келесі жылдың басында жүзу бассейні қолданысқа беріледі.

ҚазҰУ, Баспасөз қызметі:

8 (727) 377 31 48 / 49