ҚАЗҰУ ЖАС ҒАЛЫМЫ ОТЫНШИЕВА АЙДАНА АЙТУКЫЗЫ ФРАНЦИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПОСТ-ДОКТОРЛЫҚ ЗЕРТТЕУІН СӘТТІ АЯҚТАДЫ

5 желтоқсан, 2024

Халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Отыншиева Айдана Айтукызы Францияның беделді университеттерінің бірі – Гавр университеті, LexFEIM негізгі құқықтарды, халықаралық сауданы және теңізді зерттеу зертханасы базасында пост-докторлық зерттеуін сәтті аяқтады. Аталмыш зерттеу Франциядағы адам туралы ғылым қоры (FMSH) және Орталық Азиядағы Француз зерттеулер институты (IFEAC) қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама Орта Азияның жас ғалымдарының халықаралық деңгейде білім алып, зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік беріп келеді.

Бұл пост-докторлық зерттеу 2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғау механизмдері: проблемалары, қазіргі жағдайы және жетілдіру жолдары» тақырыбында жүргізілді. Ғылыми жетекшісі – Гавр университетінің профессоры, LexFEIM директоры – Пьер Шабаль. Айдана Айтукызы зерттеу барысында адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құқық және ұлттық заңнама аясында зерттеу жасады. Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын, олардың қолданылу ерекшеліктерін, заңнамалық базасын және практикалық мәселелерін түсіну мен дамыту негізгі мақсат ретінде белгіленді. Ғылыми зерттеу Францияның Париж, Гавр, Руан қалаларында жүзеге асырылды.
«Менің бәсекеге қабілетті, дамыған елдің оқу орнында тағылымдамадан өтуім маған халықаралық құқық пен әртүрлі заң жүйелерімен танысуға үлкен мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл тәжірибе өз саламда қолданбалы білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуыма септігін тигізді. Францияның жетекші ғалымдарымен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен құрмет және баға жетпес тәжірибе болды», – деп атап өтті жас ғалым.  
Шетелдік іссапар аяғында Орталық Азиядағы Француз зерттеулер институтына (IFEAC) 8000 сөзден тұратын ғылыми мақала және адам туралы ғылым қорына (FMSH) іссапар туралы есеп өткізілді. Пост-докторлық зерттеудің сәтті аяқталғандығы жайлы сертификат ағылшын және француз тілдерінде табысталды. Айдана Айтукызы өзінің жинақтаған тәжірибесін ел игілігіне қолдануды жоспарлап отыр. Оның ғылыми жұмысы отандық ғылымды дамытуға және халықаралық деңгейдегі зерттеулерге үлес қосуға бағытталған.