Алаш Айнасы

12 желтоқсан, 2015

Студенттер Елбасы Жолдауын талқылады

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформа, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында кеңейтілген семинар-кеңес өткізілді.

Алдымен кафедра меңгерушісі Г.Қ Ихсангалиева Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы маңызды мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында жария етіліп, ел дамуына ерекше серпін беретін бұл стратегиялық құжаттың маңызы зор екенін атап өтіп, Жолдауда айтылған негізгі бағыттарды кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар кафедра меңгерушісі профессор-оқытушыларға алдағы уақытта барлық академиялық топтарда тәрбие сағаттарында Жолдаудың мазмұны мен негізгі бағыттарын студенттерге кеңінен насихаттауды тапсырды.

Одан кейін Елбасының биылғы Жолдауын насихаттау бағытында аға оқытушы Т. В. Курманова баяндамасын оқыды. Ол биылғы Жолдаудың ерекшелігіне тоқталып, Елбасы дағдарыс тығырығынан шығу, жаңа белестерді бағындыру, қандай қиындықтар болса да әлемдегі озық 30 елдің қатарынан көріну мақсатынан таймау үшін 5 халықтық реформаны жүзеге асыратын 100 ұлт қадамына қуат беретін қаржылық секторларды тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялар тарту, жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыру секілді 5 міндетті айқындап бергенін сөз етті.

Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы айтылған бағыттардың әрқайсысы аса маңызды болып табылатыны, Елбасының Жолдауында еліміздің азаматтарына ой саларлықтай біраз ойлар айтылғаны туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Семинар-кеңес соңында барлық профессор-оқытушылар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын қолдайтындығын және Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындауға аянбай еңбек ететіндігін, қоғамдағы әрбір сала мамандары бұл сенім үдесінен шығуға атсалысуы қажет екенін айтты.

Саденова А.Е., Курманова Т.В., Мацко И.В

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары