Наманган мемлекеттік педагогикалық институтымен келісім

6 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Өзбекстандағы Наманган мемлекеттік педагогикалық институтының делегациясы жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының басшылығымен кездесу өткізді.

Делегация құрамында Наманган мемлекеттік педагогикалық институтының ғылым жөніндегі проректоры Муродхон Кодирхонов, халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Әлішер Тұрсынпулатов және доцент Элер Абдулвохидов бар.

Құрметті қонақтарды Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов қарсы алып, ҚазҰУ мен Өзбекстан ЖОО-лары арасындағы әріптестік байланыс күн санап артып келе жатқанына тоқталды.

Өз кезегінде Муродхон Кодирхонов ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізіп, Наманган мемлекеттік педагогикалық институты ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты нығайтуға және ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты.

Тараптар өзара серіктестікті дамыту, сонымен қатар білім мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу бойынша пікір алмасты.

Кездесу соңында ҚазҰУ мен Наманган мемлекеттік педагогикалық институты серіктестікті арттыру бойынша екіжақты келісімге қол қойды.

Болашақта меморандум аясында екі жоғары оқу орны ортақ ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізіп, оқытушылар мен студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша алмасу жұмыстарын жүргізеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі