ҚазҰУ мен NetSCI жаңа институт ашады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен NetSCI неміс ғылыми-білім беру мекемесі Орталық Азияда Биоалуантүрлілікті қорғау және сақтау институтын ашады.
ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен NetSCI неміс ғылыми-білім беру мекемесінің бас директоры Маттиас Крамер орталық құру туралы меморандумға қол қойды.
Институттың мақсаты – биологиялық әртүрлілікті сақтауға және арттыруға жәрдемдесу. Жасалған келісімге сәйкес, тараптар ғылыми жобаларды бірлесіп іске асырады, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және биоалуантүрлілік салаларына инвестиция тартады.
Кездесу барысында Маттиас Крамер бұл орталықтың ашылуы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға негіз болатынын атап өтті.
«NETSCI GmbH 2005 жылы құрылған және экологиялық технологиялар, білім беру және инновациялық жобаларды ілгерілетуге маманданған. Компания университеттермен, ғылыми мекемелермен және кәсіпорындармен белсенді жұмыс істейді. Бүгінге дейін біз Орталық Азия елдерімен көптеген жобаларды жүзеге асырдық және осы салада жеткілікті тәжірибеміз бар. Германия министрлігі институт құру туралы менің бастамамды қолдады. 2025 жылдың мамыр айында біз аталған орталықты ашып, Қазақстан мен Германия ғалымдарын халықаралық конференцияда жинауды жоспарлап отырмыз», – деді Netsci неміс ғылыми-білім беру мекемесінің бас директоры Маттиас Крамер.
Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы құрметті қонақтың бастамаларын қолдап, жоғары оқу орнын, институт ашуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев бірлескен институт құру туралы жасалған келісім тек оқу орындары арасында ғана емес, қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға серпін беретінін айтты.
Кездесу соңында университет басшысы Маттиас Крамерге «Әл-Фараби» алтын медалін табыс етті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

