Америкадан келіп, қазақша үйренді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев шетелдік студенттермен кездесті.
Хлоя Эджингтон және Эрол Алган қазақ тілінде еркін сөйлейді. Олар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін арнайы «Флагман» бағдарламасы арқылы АҚШ-тан келген.
Хлоя Эджингтон 2020 жылы Висконсин-Мэдисон университетіне оқуға түсіп, қазақ тілін аталған білім ордасында үйрене бастаған. Кейін 4-курсты ҚазҰУ-да жалғастырды. Бүгінде Хлоя Эджингтон «Флагман» бағдарламасы арқылы келген шетелдік студенттерді оқыту үшін ҚазҰУ-дың филология факультетінде жұмыс істейді. Ол бес тілде еркін сөйлейді.
Ал Эрол Алган Америка Құрама Штатындағы Индиана университетінің студенті. Қазіргі таңда 4-курсты ҚазҰУ-да жалғастыруда. Эрол Алган түрік, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік біледі.
Кездесуде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қазақ тілін үйренген шетелдік студенттерге ризашылығын білдіріп, тіл үйренуге қызығушылық танытқан барлық жастарға Қазақстанда қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Өз сөзінде ректор шетелдік студенттерді университеттегі қоғамдық және мәдени шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Жүздесу барысында Хлоя Эджингтон және Эрол Алган өздері туралы толық ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Олар қазақ тілін одан әрі дамытуға зор үлес қосып келе жатқан оқу ордасына және оқытушыларға өз алғысын жеткізді.
Кездесу соңында ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев қазақ-ағылшын сөздігін және түркі тілдеріне ортақ сөздер жинағын табыс етті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

