Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы оқулық таныстырылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты» атты жаңа оқулықтың тұсаукесері өтті. Іс-шара 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды.
«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты» оқулығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты күшейтуге бағытталған. Ол жоғары оқу орындарының студенттеріне, зерттеушілерге, мемлекеттік басқару және құқық қорғау саласындағы жас мамандарға арналған.
Оқулықтың мазмұны «Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және дамыту», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мемлекет бағыты ретінде», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың саяси-құқықтық негіздері», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері» және т.б. бөлімдерді қамтиды. Авторлары: М.Т.Әлімбеков, А.Ж.Шпекбаев, Б.Н.Асылов, М.С.Башимов, Е.Э.Дүйсенов, А.Н.Есқараев, А.Ж.Жұмағали, Н.Х.Қалишева.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев: «Оқу мен білім – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ең қуатты қару. Біздің міндетіміз – бұл білімді терең және жан-жақты жеткізу. Кітаптың негізгі мақсаты – болашақ заңгерлерді, мемлекеттік қызметшілерді және құқық қорғау органдарының өкілдерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негіздеріне үйрету ғана емес, оларға қарсы тұрудың нақты құралдары мен әдістерін ұсыну», – деп атап өтті.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы, «Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы желі» қоғамдық ұйымының төрағасы, оқулық авторларының бірі Алик Шпекбаев аталған кітап оқырманды сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды талдауға және оларды қолдануға жүйелі және сыни көзқарасты қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Өз баяндамасында ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын және басылымның өзге де бөлімдері туралы ақпарат берді. «Бұл оқулықты кәсіби тұрғыдан білікті, ғылыми зерттеулер жүргізген, осы салада көптеген жылдар бойы жинаған тәжірибесі бар авторлар құрамы жазды. Әрқайсысы өз тәжірибесі мен білімін қосты. Бұл қазіргі таңдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін көрсететін оқулықты жасауға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Алик Жатқамбайұлы.
Сондай-ақ жиынға ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов, О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің ректоры Виктор Блажеев (онлайн), ҚР Конституциялық Кеңесінің экс-төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, Ресей Федерациясы прокуратурасы университетінің ректоры Игорь Мацкевич (онлайн), ҚР Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Мұсабек Әлімбеков және т.б. ғалымдар қатысты.
Жиынның екінші бөлімінде қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі өзекті мәселелерді талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

