Түркiстан

12 желтоқсан, 2015

КА Фоскари университетіндегі қазақ орталығы

Венецияда қазақ тілі мен мәдениетін оқыту орталығы ашылады. Бұл туралы Венеция қаласындағы (Италия) Ка Фоскари университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының кездесуінде айтылды. Бірлескен оқыту бағдарламалары мен жаңа зерттеу жобаларын дайындау саласындағы әріптестік мәселелері кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды.

Кездесуге Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян бастамашылық жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов: «Біздің университеттің Еуропа жоғары оқу орындарымен жұмыс жасауда тәжірибесі мол. Бұл негізінен Лотарингия мен Страсбург университеттерімен жасалған қос дипломдық бағдарлама және бірлескен зертханалар. Сонымен қатар, Жапонияның Цукуба университетімен «Қала ішіндегі қалашық» атты сәтті жоба жүзеге асуда. Бұл жоба аясында студенттер мен оқытушылардың, білім мен тәжірибенің белсенді алмасуы жүріп жатыр. Кореяның үздік университеттерімен де достық қарым-қатынастамыз. Олармен медицина саласында бірлесіп жұмыс жасаудамыз», - деп атап өтті.

Жоғары оқу орнына тән ортақ тақырыптарды талқылай отырып, Италиядан келген профессорлар үшінші жыл қатарынан Халықаралық қатынастар факультетінде ҚазҰУ студенттеріне итальян тілін оқытып жатқандығы айтылды.

Делегацияны басқарып келген Ка Фоскари университетінің проректоры Тициана Липпиелло әріптестіктің негізіңде ұсынылған барлық жобаларды қолдайтынын айтты. «Біздің университетте Шығыс халықтарының мәдениетін зерттеу өте үлкен белсенділікке ие. Университетте Конфуций және жапон орталықтары жұмыс жасайды және әлемнің қырықтан аса тілі оқытылады. Біз, өз тарапымыздан ҚазҰУ мүшелік ететін Жібек Жолы университеттер желісі (The Silk-road Universities Network - SUN) консорциумымен тығыз қарым-қатынас орнатқымыз келеді», - деді Тициана Липпиелло.

Кездесу соңында Венецияда Ка Фоскари Университетінде қазақ тілі мен мәдениеті орталығын ашу туралы шешім қабылданды.

Италия делегациясы Венецияда жаңа орталық ашу идеясын қош көріп, мұндай орталықты ашу екі университет арасындағы жемісті әріптестікті ары қарай дамытуға жасалған нақты қадам және ол болашақта қазақ және итальян қарым-қатынасының мәдени сабақтастығына негіз болады деп сенім білдірді.