Жастар ортасындағы жарты ғасырFarabi University

Жастар ортасындағы жарты ғасыр

12 желтоқсан, 2024

ҚазҰУ-да есімі дүйім жұртқа мәлім ғалым-ұстаздар аз емес. Солардың ішінде Қазақстанда химик-аналитиктер ғылыми мектебінің негізін қалаушылардың бірі, химия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, химиядан ҚР олимпиадаларын ұйымдастырушы Гүлжан Бадавамова­ның орны ерекше.

Өмірде есімін қашанда ри­за­шылықпен айтып жүретін сон­дай тау тұлғалы ұстазымыз Гүлжан Лұқпанқызы 1977 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетін үздік бітіріп, осы факультеттің Аналити­ка­лық химия кафедрасына жол­да­ма алған. Осы кафедрада алдымен инженер, содан кейін кіші ғылыми қызметкер, ғы­лы­ми қызметкер және аға оқы­ту­шы ретінде қызмет етті. 1986 жылы Гүлжан Бадавамова «Кей­бір сирек жер металдары амальгамаларының электро­хи­миялық қасиеттері» тақы­ры­бында диссертация қорғаған. 1993 жылы доцент ғылыми атағына ие болып, осы уақытқа дейін Аналитикалық, коллоид­тық химия және сирек элемент­тер технологиясы кафедра­сын­да доцент ретінде жұмыс істеп келеді. Міне, 50 жылдан бері ол университетіміздің хи­мия және химиялық технология факультетінде жемісті еңбек етіп келе жатыр және ең бас­тысы – оның студенттерге де­ген махаббаты мен адалдығы жо­ғалмады.

Кафедрада жұмыс істеу ба­рысында Гүлжан Лұқпанқызы өзін жоғары білікті маман, тың­ғы­лықты жұмыскер ретінде көр­сете білді. Ол жоғары ғы­лыми-әдістемелік дәрежеде жалпы және арнайы пәндерден дәрісті қазақ және орыс тіл­дерінде оқиды. Зертханалық жұ­мыстар жүргізіп, студент­тер­дің бітіру жұмыстары мен магистрлердің диссерта­ция­ла­рына ғылыми жетекшілік жа­сайды. Оның авторлық қа­ты­суы арқылы жеті әдістемелік құрал, бес оқу құралы: «Ана­ли­тикалық химияның негіздері», «Аналитикалық химиядан тест тапсырмалары», «Тестовые за­дания по аналитической хи­мии», «Түсті металдар техно­ло­гиясы және оның өнімдеріне аналитикалық бақылау жүр­гізу», сонымен бірге «Ана­ли­ти­калық химия» оқулығын (28 б.т., ҚР Білім және ғылым ми­нис­трлігі грифімен) жазған. Г.Ба­да­вамова жыл сайын «Ана­ли­тикалық химия» пәні бойынша магистратураға тест тапс­ыр­ма­ларын даярлайды.

Ғалым-ұстаз кафедрада кей­бір түсті және сирек жер ме­талдарының төменгі мөл­ше­рін жаңа көміртекті элек­трод­тарда концентрлеу және анық­тау жөнінде ғылыми-зерттеу жұ­мысын жүргізуде. Зерттеу нә­тижелері 100-ден астам ба­сы­лып шыққан жұмыстарда жарияланған. Бірнеше рет түр­лі халықаралық, рес­пуб­лика­лық конференциялар мен мә­жі­лістерде баяндалған.

Г.Бадавамова 2002 жылы Ал­матыда, 2012 жылы Ас­та­нада ТМД мемлекеттерінің оқу­шылар арасындағы химия пәнінен өткізілген халықаралық Менделеев атындағы олим­пиа­даларын дайындауға және оның ойдағыдай өтуіне ұйым­дас­тыру комитеті мен әділ­қазылар мүшесі ретінде үлкен үлес қосты. Ол соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстан оқушы­ла­рының құрама командасын химия пәнінен халықаралық олимпиадаларға дайындауға қатысып жүр. Ол Қазақстан оқу­шыларының ғылыми же­тек­шісі ретінде Ташкент (2008 ж.), Ашхабат (2009 ж.), Баку (2010 ж.) және Мәскеуде (2011 ж.) өткен халықаралық Мен­делеев олимпиадаларына қатысты. Бұл жарыстарда Қа­зақстан командасының оқу­шы­ла­рын табысты нәтижелер көр­сетуге дайындағаны үшін оған олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ака­де­мик В.В.Луниннің атынан алғыс жарияланған. Қазір Гүлжан Лұқ­панқызы кафедраның оқу-әдіс­темелік бюросының мү­ше­сі, химия пәнінен оқушылардың облыстық олимпиадасының әділқазылар мүшесі.

Гүлжан Бадавамова фа­куль­­теттің «Химия» маман­ды­ғы бойынша бакалавриат, магис­тра­тура, докторан­ту­раның не­гізгі оқу жос­пар­ла­рын, оқу бағ­дарламаларын, пән­дердің үш тілдегі ката­логтарын құрас­ты­рушылар тобында және уни­вер­ситеттің «Химия-5В060600», «Химия-6М060600» мамандықтарын халықаралық аккреди­та­ция­лауға даярлау комиссиясында болды.

Химия және химиялық тех­но­логия факультетінің ұжымы Гүл­жан Лұқпанқызын 70 жыл­дық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, педагогикалық және ғылыми еңбектеріне үлкен табыс тілейміз.

Дүйсек ҚАМЫСБАЕВ,

Ләйла КУДРЕЕВА,

ҚазҰУ профессорлары