ҚазҰУ One Water Vision құрамына енді

13 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ One Water Vision бастамасына қосылған Орталық Азияның жалғыз жоғары оқу орны атанды. Аталған бастамаға One Water саммиті кезінде енді. 

Су ресурстарын басқарумен байланысты жаһандық сын-қатерлерді талқылауға және халықаралық деңгейде бірлескен шешімдерді іздеуге арналған One Water Summit 2024 халықаралық саммиті Сауд Арабиясының астанасында өтті. One Water Vision – бұл Жерді бақылау және су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық ғылыми қауымдастықты біріктіруге бағытталған ғылыми негізделген бастама.

Климат, биоалуантүрлілік және шөлейттену жөніндегі Рио-де-Жанейро конвенциялары тараптарының конференцияларының халықаралық ынтымақтастығы мен орталықтарда суға деген қажеттілік көпжақты күн тәртібінде тұр. Бұл мәселені мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде көтеру қажеттігіне байланысты Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макрон, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Дүниежүзілік банктің президенті Аджай Банга Сауд Арабиясының тақ мұрагері және премьер-министрі Мұхаммед бен Салманмен бірлесіп «Бір су жөнінде саммит» ұйымдастырды. Онда жетекші сарапшылар, үкіметтік, халықаралық ұйымдардың және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері жиналды.

ҚазҰУ One Water Vision бастамасына қосылып, су ресурстарымен байланысты жаһандық бастамаларға белсенді қатысып, Солтүстік Аралдың сақталуын ілгерілетуде. Университет өзінің ғылыми-зерттеу базасын, халықаралық серіктестермен ынтымақтастығын үнемі кеңейтіп отырады.

Университетте су ресурстары қорларының мониторингі, жерүсті және жерасты суларының сапасы, сондай-ақ су тасқыны қаупі туралы ерте ескерту жүйесі мен бағыты бойынша белсенді ғылыми-зерттеу қызметі жүргізілуде. Бұл  су ресурстарын басқаруға, су және санитария саласындағы ТДМ 6 санатындағы іс-қимылдарды жеделдетуге ықпал етеді.

Айта кетейік, география ғылымының кандидаты, география және табиғатты пайдалану факультетінің аға оқытушысы Шамшағұл Маштаева ҚазҰУ-дың One Water Vision халықаралық бастамасының құрамына кіру бастамасын көтерді. Бұл One Planet-тің алдыңғы саммиттеріне сәйкес, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, жергілікті билік органдары, даму банктері мен жеке банктер, кәсіпорындар, қайырымдылық ұйымдары, ғылыми сарапшылар, ҮЕҰ және азаматтық қоғам арасындағы әріптестік қатынастарды ынталандыру арқылы жобалардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

One Water Summit 2024 қатысу арқылы ҚазҰУ тұрақты даму және жаһандық ынтымақтастық принциптеріне адалдығын растады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі