ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

16 желтоқсан, 2024

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және студенттер!

Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттық­таймын!

Бұл – халқымыздың мызғымас бірлігін айшықтайтын ұлы мереке.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:  

«Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған күн. Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы, ­– деп атап өтті.

Біз өткенімізді қастерлеп, болашағына сеніммен қараған халықпыз.

Мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі саналатын егемендігімізді көздің қарашығындай сақтау бәріміздің қастерлі борышымыз.

Биыл еліміздің көшбасшы білім ордасы ­– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр.

Жаңа, әділетті Қазақтан құруда ғылыми қауымдастыққа үлкен жауапкершілік жүктелуде.

Тәуелсіздігіміздің туын биік ұстап, тұғырын нығайтатын білімді ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет.

Халқымыздың кемел келешегі өз саласын жетік меңгерген іскер мамандардың, білікті ғалымдар мен білімді жастардың қолында.

Елдік мұрат жолында ұлы мақсаттарды еңсеріп, межелі белестерді бағындыра беріңіздер.

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ