Ыстамбұл техникалық университетіндегі
ҚазҰУ ғалымдары мен Түркияның Ыстамбұл техникалық университеті ғалымдары бірлесіп 2024-2026 жж. арналған гранттық қаржыландыру конкурсында «Cулар мен ағынды суларды cонокаталитикалық тазарту үшін темірдің қабатты қос гидроксидтерінің синтезі және олардың нанозимдер ретінде антибактериалдық қасиеттерін зерттеу» жобасын ұтып алып, қазіргі таңда сәтті айналысып жатыр.
Жоба жетекшісі – химия және химиялық технология факультетінің Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті м.а. Нұрболат Құдайбергенов. Бұл серіктестік осыдан үш жыл бұрын басталған. Нұрболат Жарылқасынұлы мен Алиреза Кхатаее бірлесіп Scopus/Web of Science халықаралық базаларына кіретін 1-квартилді (Q1) жоғары рейтингті журналдарда 10-нан астам мақала жариялады. Аталған жоба аясында 10 зерттеуші-ғалым жұмыс істеуде. Оның ішінде екі шетелдік ғалым, бір докторант және екі магистрант бар. Гранттық қаржыландыру арқасында жоба зерттеушісі, химия және химиялық технология факультетінің 1-курс докторанты Алуа Аликеева Ыстамбұл техникалық университетінде екі апталық тағылымдамадан өтті. Тағылымдама барысында ағынды суларды тазалауға арналған жаңа қосқабатты гидроксидтерді синтездеп, олардың антибактериялық қасиеттерін зерттеді. Сонымен қатар оларды заманауи физика-химиялық зерттеу қондырғыларында анализдеді.
Еліміздің көшбасшы оқу ордасының халықаралық аренада беделін арттыруда. Сондай-ақ БҰҰ ұсынған Тұрақты даму мақсаттарын орындауда ғалымдарымыздың шетелдік белді университеттермен коллаборациясының маңызы өте зор. Сондықтан жоба жетекшісі мен орындаушыларына табыс тілейміз.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ