Кванттық технологияларды дамыту бағыттары

19 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультетіндегі Компьютерлік ғылымдар кафедрасының қызметкерлері Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы шағын кванттық компьютерлерді әзірлеумен айналысатын SPINQ компаниясына арнайы сапармен барып қайтты.

Зерттеу тобының құрамында Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Бейімбет Дәрібаев, докторант Ақсұлтан Мұханбет және магистрант Нұртуған Азатбекұлы бар. Сапар аясында арнайы құрам SPINQ Gemini, SPINQ Gemini Lab және SPINQ Triangulum сияқты кванттық компьютерлердің үлгілерімен танысты. Бұл құрылғылар білім беру және ғылыми зерттеу мақсаттарына, сондай-ақ ғылыми және өнеркәсіптік ортада қолданбалы мәселелерді шешуге арналған бірегей кванттық жүйелер болып табылады. SPINQ өкілдері кванттық технологиялардың оңтайландыру мәселелерін шешуге және дәстүрлі есептеу жүйелеріне қолжетімсіз күрделі физикалық процестерді модельдеуге қалай мүмкіндік беретінін көрсетті.

Сапар ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және кванттық технологиялар саласындағы білімді тереңдетудегі маңызды қадам болды. Қазіргі уақытта екі ұйым арасында кванттық технологиялар саласында бірлескен жобаларды дамыту үшін ынтымақтастық туралы келісім жасау туралы келіссөздер жүргізілуде.

Бұл ынтымақтастық аясында ҚазҰУ зертханасына компактты кванттық компьютер сатып алу жоспарлануда. Кванттық компьютер –  деректерді өңдеу үшін кванттық механика заңдарын қолданатын құрылғы. Есептеулерді дәстүрлі компьютерлерден өзгеше шешуге мүмкіндік береді. Құрылғы негізінен ғылыми зерттеулер мен білім беру мақсаттарына арналған, ол кванттық жүйелерді зерттеу мен шағын кванттық процестерді модельдеуге арналған қарапайым кванттық компьютердің үлгісі болып табылады. Үлкен кванттық жүйелерден айырмашылығы – бұл компьютер тек 2 немесе 3 кубитті пайдаланады және бөлме температурасында жұмыс істей алады. Бұл оны кванттық технологиялардың негіздерін зерттеу және кішігірім кванттық процестерді модельдеу үшін ыңғайлы құрал етеді.

Мұндай құрылғыны сатып алу университетке кванттық жүйелерді оқыту мен зерттеу деңгейін жаңа сатыға көтеруге және болашақта озық технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Алынған білім мен тәжірибені университеттің оқу және ғылыми жобаларында қолдану жоспарлануда.

Университет SPINQ компаниясына озық технологиялардың әлеміне еніп, компьютерлік ғылымның болашағын іс жүзінде көру мүмкіндігін бергеніне алғыс білдіреді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі