“Диуани Лұғат ат-Түрк” сөздігінің 950 жылдығы ЮНЕСКО-де тойланды
2024 жыл Махмуд Қашқаридің “Диуани Лұғат ат-Түрк” атты сөздігінің 950 жылдығы тойланатын жыл болып тарихта қалмақ. 2024 жылдың 13 желтоқсан күні Париждегі (Франция) ЮНЕСКО штаб-пәтерінде “Тілтанудағы әлем картасын құру: “Диуани Лұғат ат-Түрктің” 950 жылдығы” атты халықаралық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – ХІ ғасырда жазылған Махмұд Қашғаридің іргелі еңбегінің маңызын айқындау, оның өзектілігін таныту және өскелең ұрпаққа оны таныстырып, насихаттауда жаңа бастамалар ұсыну.
Халықаралық конференцияны Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова ашып, “Диуани Лұғат ат-Түрк” энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығын 2024-2025 жылдары ЮНЕСКО шеңберінде мерекеленуінің маңызына тоқталды. Африканың басымды сұрақтары және сыртқы байланыстар бойынша ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Фирмин Эдуард Матоко еңбекке бүкіл адамзат үшін зор маңызы бар мәдени мұра деген баға берді, Махмуд Қашқаридің бұл сөздігін түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін танытатын танымдық мұра деп атады.
Конференция Францияда аккредиттелген Түркі мемлекеттері елшілерінің, ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиялары Бас хатшыларының және ЮНЕСКО жанындағы Түркі мемлекеттері Тұрақты өкілдерінің, сондай-ақ, баяндама жасаған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Мажарстан және басқа да мемлекеттерден келгені көрнекті ғалымдардың басын қосты.
Конференция барысында белгілі арабтанушы Зифа-Алуа Әуезова мен нидерландық түркітанушы Роберт Эрмерс «Диуани луғат әт-түрк» сөздігінің арабшадан орыс тіліне аударылған нұсқасының жаңа басылымымен таныстырды.