«Өзгерістерді басқару» семинар-тренингі
Farabi халықаралық бизнес мектебінің өкілдері бизнес-мектеп түлегі Рысбек Жексембаевтың шақыруымен «Қазақмыс Смэлтинг» компаниясының топ-менеджерлеріне арналған тренинг өткізу үшін Балқаш қаласына барды.
Алғашқы күні компанияның өндірістік нысандарына экскурсия ұйымдастырылды, онда Farabi International Business School өкілдері ұйымның технологиялық процестері мен корпоративтік мәдениетімен танысты. «Қазақмыс Смэлтинг» – мыс концентратын қайта өңдеу және өндірумен айналысатын Қазақстанның жетекші компанияларының бірі. Кәсіпорын елдің тау-кен металлургия саласында маңызды рөл атқарады және өнім сапасының жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді.
Бизнес-мектеп компанияның 20-дан астам топ-менеджері үшін «Өзгерістерді басқару» тақырыбында екікүндік семинар-тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушылар өзгерістерді басқару теориясының негізгі аспектілерін зерттеп қана қоймай, негізгі қағидалар мен тәсілдерді көрсететін бизнес ойындарына қатысу арқылы оларды практикада қолданды.
Қатысушылар бағдарлама мазмұнының жоғары практикалық құндылығын атап өтіп, Farabi International Business School ұсынатын басқа да білім беру бағдарламаларына қызығушылықтарын білдірді. Тренинг аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар сертификат алды.
Бұл ынтымақтастық Farabi International Business School түлектерімен табысты өзара әрекеттестік пен корпоративтік оқытудың Қазақстанның жетекші компанияларындағы басқару тиімділігін арттырудағы маңыздылығын көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі