Жапон тілі оқытушылары - Орал мектептерінде
Жапонияның Халықаралық байланыстар Қорының қаржыландыруымен Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының жапон тілі оқытушылары Т.Ниномия, С.К.Боранқұлова, М.Т.Шадаева, А.М.Токкариналар 10.12.2015 ж. - 12.12.2015 ж. аралығында Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық қазақ мектеп-интернат кешені, Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, №40 қазақ орта мектебінің 10, 11 сынып оқушыларына арнап кәсіби бағыт-бағдар беру бойынша іс-шаралар өткізіп қайтты.
Кафедра оқытушылары дәл осындай іс-шараларды былтырғы оқу жылында Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларының мектептерінде де өткізген болатын. Аталмыш іс-шараның мақсаты – аймақтағы мектептердің 10 және 11 сынып оқушыларына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде оқытылатын мамандықтар мен жапон тілі және Жапонияға қатысты мамандықтарды таныстыру, сондай-ақ Жапония, жапон тілі мен мәдениеті, Жапонияға оқуға бару мүмкіндіктері жайлы мағлұмат беру. Іс-шара барысында арнайы презентация, видеоролик көрсетумен қатар, жапондардың дәстүрлі мәдениеті – оригами жасаудан да дәріс өткізілді.
Жоғарыда атап өткен іс-шаралар Орал қаласының мектеп оқушыларының көңілінен шығып, біздің университетімізге деген қызуғушылығын туғызды.