«Үздік ғылыми қызметкер-2024» сыйлығының жеңімпаздары қатарында ҚазҰУ ғалымдары бар

31 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың төрт ғалымы «Үздік ғылыми қызметкер-2024» байқауының қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу институттар, ЖОО және ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің 50 ғалымының қатарына енді.

Жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 1 шілдедегі заңына сәйкес ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі белгіледі. Шара ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді ынталандыру мен қолдауға бағытталған.

Байқауға 7 бағыт бойынша 308 өтінім түсті. Аталған бағыттар: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».

Байқау жеңімпаздарының тізімінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары бар. Олар физика-техникалық факультетінің қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасының профессоры Хабибулла Абдуллин, заң ғылымының докторы, профессор, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Римма Жансараева, денсаулық ғылыми-зерттеу институтының эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасы профессорының м.а. Наталья Глушкова, PhD, биотехнология кафедрасының профессоры, экология және биоресурстардың тұрақтылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұралы Әкімбеков.

Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен бірге жасалды. Өтінімдерді республикалық конкурстық комиссия қарап, сараптамалық топ тексерді. Комиссия мен сараптамалық топ құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері жұмыс істеді.

Білім ордасының талантты ғалымдарын жеңістерімен құттықтай отырып, ғылым саласында жаңа жетістіктер тілейміз!.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі