Шетелден білім – ел игілігі үшінFarabi University

Шетелден білім – ел игілігі үшін

4 қаңтар, 2025

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың шетелге білім алу немесе жұмыс іздеу мақсатында кетуіне байланысты журналистің сұрағына берген жауабында жастардың білімін шетелде жетілдіруі елдің дамуына қосымша мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Президентіміз шетелде білім алған мамандардың елге оралып, алған білімдерін Қазақстанның өркендеуіне бағыттау маңызды екеніне ерекше тоқталды. 
«Болашақ» бағдарламасы – жастардың білім алуына және олардың елге қайта оралып, өз білімін қолдануына бағытталған бастамалардың бірі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибені меңгерген мамандарды даярлау және оларды елдің дамуына өз үлесін қосу.
Мен өзім де 2023-2024 жылдары АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Калифорния университетінде «500 ғалым» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өттім. Бұл тағылымдама маған үлкен кәсіби тәжірибе жинақтауға, өз біліктілігімді арттыруға және алған білімімді Қазақстанның игілігі үшін пайдалануға мүмкіндік берді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мемлекетіміз білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мүмкіндіктер үшін мен Президентімізге және мемлекетімізге шексіз алғысымды білдіремін. Бұл бастамалар жастардың шетелде білім алып, оны өз елінің өркендеуіне бағыттауы үшін жасалған үлкен қолдау.
Сонымен бірге, «Болашақ» бағдарламасының ерекшелігі – ол шетелде оқып, тәжірибе жинақтаған жастардың елге қайтып алған білімдері мен дағдыларын елдің стратегиялық міндеттерін шешуге бағыттауға негізделген. Мұндай қадам жастардың шетелде уақытша білім алып, бірақ өз елін дамыту жолында жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, шетелде білім алу жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың кәсіби біліктілігін арттырып, сол білімді елдің игілігі үшін қолдану – әрбір азаматтың басты борышы деп білемін.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
аға оқытушысы Л.М.Алиярова