Жастардың болашағы.Farabi University

Жастардың болашағы.

4 қаңтар, 2025

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 3 қаңтардағы «Аna tili» газетінде берген сұхбаты еліміздің қазіргі даму бағытын, қоғамның өзекті мәселелерін және жастарға арналған болашақ стратегиясын айқындап береді. Бұл сұхбатта Президент көптеген маңызды тақырыптарға тоқталды. Менің ойымша, әрбір сұрақтың жауабы Қазақстанның ішкі саясатын жақсартуға, халықаралық қатынастарда еліміздің рөлін нығайтуға және болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар көрсетуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
Біріншіден, халықаралық аренадағы орнымыз туралы айтылған орта держава рөлі мен оған қатысты пікірлері еліміздің геосаясаттағы белсенді әрі бейтарап саясатын жалғастырудың қажеттігін көрсетеді. Қазақстанның дағдарысқа толы қазіргі уақытта араағайындық рөлін атқара алатындығына сенімдімін. Орта державалар арасындағы серіктестік пен үйлесімділікті күшейту біздің еліміздің халықаралық беделін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге қатысты айтылған ұсыныстар мен жоспарлар өте маңызды. Біз өз тарихымызды ұмытпауымыз керек. Жеңістің маңызын келешек ұрпаққа жеткізіп, соғыс ардагерлерінің ерліктерін дәріптеу – баршамыздың парызымыз. Сонымен қатар, соғыс тақырыбындағы зерттеу жұмыстарын жалғастырып, ардагерлеріміздің есімдерін мәңгілікке есте сақтау керек.
Қазақ тілінің дамуы мен оның қоғамдағы рөлі туралы айтқан сөздер де көптің көңілінен шықты. Мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуы – еліміздің мәдениеті мен ұлттық тұтастығын нығайтудағы маңызды қадам. Қазір қазақ тілін меңгеру тек қажеттілік емес, сәнге айналып келеді. Жастардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығы өскенін атап өткен жөн. Бұл үрдісті әрі қарай дамыту үшін білім беру жүйесінде, әсіресе қазақ тілін оқыту әдістемелерін жетілдіру қажет.
Президенттің жастарға деген көзқарасы мен оларды тәрбиелеудегі маңызды ойлары да ой саларлық. Қазіргі жастардың білімді, іскер және қоғамға қызмет етуге дайын болуы мемлекетіміздің болашағына деген сенімді арттырады. Жастарымыз өз мүмкіндіктерін шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап, елге оралған соң пайдалануына толық қолдау көрсету керек. Сонымен қатар, жастардың еңбекқорлығы мен кәсібилігін арттыру үшін мемлекет тарапынан арнайы шаралар қабылдануы тиіс.
Президенттің жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру жөніндегі бастамасы өте орынды. Біздің қоғамымызда еңбекқорлықты бағалап, жұмысшы мамандықтарын құрметтеу – экономиканың тұрақты дамуына негіз болар еді. Бұл бастама жастарға осы мамандықтарға қатысты дұрыс көзқарас қалыптастырып, олардың еңбек нарығындағы орнын нығайтады.
Сұхбаттың соңында Мемлекет басшысы қазақ тіліндегі баспасөзге ерекше назар аударып, оның маңыздылығын атап өтті. «Аna tili» газеті сияқты ұлттық басылымдарға қолдау көрсету өте маңызды. Бұл біздің мәдениетіміз бен тілімізді сақтап, дамытуға бағытталған қадам. Президенттің осы сұхбатты қазақ тілінде беруі арқылы тілдің маңыздылығын тағы да көрсетті деп санаймын.
Жалпы, Мемлекет басшысының бұл сұхбаты еліміздің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін шешу бағытындағы нақты қадамдар мен ойларды қамтиды. Қазақстанның болашағы жастардың қолында, сондықтан оларды дұрыс тәрбиелеу, білім беру және кәсіби даму үшін барлық жағдайды жасау – мемлекетіміздің басты мақсаты болып қала береді.
Айтжанова Гүлнара Досхожақызы 
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ,Филология факультеті,Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы,филология ғылымдарының кандидаты