Жүректен шыққан «Асыл сөз»
Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Асыл сөз» атты көркем шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. «Алатау - Алтай арасы» деген атпен өткен сазды кешке Жұмабай Шаштайұлы, Нұрдәулет Ақыш, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Жақып және басқа бірқатар қоғам қайраткерлері қатысып, ақынға жүректегі жылы лебіздерін жеткізді.
«Дарын мемлекеттік жастар сыйлығы» сериясымен жарық көрген жинаққа жазушының «Қараөзек» романы, «Бәтіңке», «Абылай» атты әңгімелері, «Жақсылық», «Таң алдындағы кездесу», «Жұмбақ жан», «Жидек», «Жалғыздық», «Тәнінен көшіп кеткен жан» атты аудармалары, «Алматы таңы», «Ата жұрт», «Біздің қоғам», «Түс пен өңнің арасы», «Тұмар», «Көктем», «Аспандағы әуезе» атты өлеңдері енгізілген. Екі мың дана таралыммен оқырманға жол тартқан кітапқа алғысөз жазған - Жазушылар мен публицистердің Халықаралық қауымдастығының мүшесі Герольд Бельгер. Басқосу барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіман, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев, күйші Айдар Әбілқасымов өнер көрсетіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің студенттері өнерсүйер қауымға ақын жырларынан шашу шашты.