Тарих ғылымдарының докторы, профессор Клара Нәлдібекқызы Мақашева 70-жаста
2025 жылы 10 қаңтар күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің Ғылыми Кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Клара Нәлдібекқызы Мақашеваның 70-жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Сайрамбаева Жұлдыз Талғатқызы жүргізді. Алғашқы құттықтау сөз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры С.Қ. Суатайға берілді. Сәбит Құрманжанұлы университет Ректоры Ж.Қ. Түймебаевтың атынан профессор Клара Нәлдібекқызы Мақашеваны 70-жылдық мерейтойымен құттықтап "Әл-Фараби күміс медалімен" марапаттап, сый-сияпатын табыстады. Сонымен бірге ғылым және технология саласындағы елеулі табысы мен ғылыми қызметкерлерді тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ҚР Ғылым және Жоғары білім Министрлігінің «Ғылым Үздігі. Құрмет Дипломын» және ҚР білім және ғылым саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен өркендеу жолында атқарған абыройлы еңбегі мен адал қызметі үшін ҚР Ғылым және Жоғары білім Министрінің Алғысын табыстады.
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі Байкушикова Гульнара Серікбайқызы «Профессор К.Н. Макашеваның ғылыми-педагогикалық еңбек жолы жөнінде» баяндама жасап Ғалым-ұстаздың өнегелі өмірінен сыр шертті.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрі Мұрат Нұртілеу, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даурен Абаевтан келген құттықтаулар оқылып табысталды.
Одан кейін профессор Клара Нәлдібекқызы Мақашеваның өмірі мен еңбек жолын бейнелеген видео-фильм көрсетілді. Фильмнің соңы профессор Клара Нәлдібекқызының шетелдік әріптестері мен факультет түлектерінің видео-құттықтауларына ұласты.
Құттықтаулар легі Халықаралық қатынастар факультеті кафедра меңгерушілерінің құттықтаулары мен Халықаралық қатынастар факультетінің профессорлары мен оқытушыларының жүрекжарды ақжарма ізгі тілектерімен жалғасты.