ҚазҰУ ғылыми журналы жаңа деңгейге көтерілді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізіміне енді. Аталған тізімге білім ордасының бұған дейін 21 ғылыми журналы қосылған болатын.
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналы 2023 жылы құрылған. Журнал зерттеушілер мен ғалымдарға компьютерлік ғылымдар мен ақпараттық технологиялардың әртүрлі салаларындағы соңғы әзірлемелер мен түпнұсқа нәтижелерімен бөлісуге мүмкіндік беретін мақалаларды жариялайды.
Журналдың негізгі мақсаты – авторлардың ғылыми жұмыстарының негізгі нәтижелерін сапалы және уақтылы жариялай отырып, ғылыми үйлестірудің халықаралық және аймақаралық функцияларын қамтамасыз ету.
Журнал 2023 жылдың қыркүйек айында тізімге енуге өтінім берген. Тәуелсіз сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша журнал халықаралық талаптарға сәйкес деп танылды және ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін комитет ұсынған басылымдар тізіміне енгізілді.
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналының редакциялық алқасын құттықтаймыз! Бұл университет ғылымының дамуына және ғылыми бағыттың жаңа перспективаларын ашатын маңызды үлес.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі