Үлкен арман үлкен еңбекті қажет етедіFarabi University

Үлкен арман үлкен еңбекті қажет етеді

19 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факульте­тінің түлегі Елдос Сметов дзюдодан Париж Олимпиадасы­ның чемпионы атанды. Ол Рио-2016 бәсекесінде күміс, Токио-2020 додасында қола медаль еншілеген еді. Елдос екінші жоғары білімді де қара шаңырақта алған. 2018 жылы заң факультетінде құқықтану маман­дығы бойынша диплом қор­ғаған. Тақырыбы: «Қазақстан Республи­ка­сы­ның қылмыстық сот өндірі­сінде сот әділдігін тек соттың ғана жүзеге асыруы».

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елдос Бақтыбайұлы финалда франциялық Лука Мхеидземен күресіп, жеңіске жетті. Іріктеу кезе­ңінде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина) қапы қалдырып, ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлде­гері Янг Ю Вейден (Тайпей) ба­сым түсті. Жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпио­наты­ның 3 дүркін жеңімпазы Фран­сиско Гарригосты тізе бүктір­ді. Нәтижесінде, ол дзю­додан Олим­пиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы ретінде тарихқа енді. Ол кезекті жеңісін ата-анасына, отбасына арнайтынын айтты. Оның айтуын­ша, отбасы­ның қолдауы оның жігерін қайрап, көп септігін тигізген екен.

Елдос Сметов Токио төрінен жеңіспен оралған сәтте білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қабылдап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­таған бола­тын. Соңынан студент-жастармен кез­десу ұйымдасты­ры­лып өз пікірі­мен бөліскен: «Спорт – үлкен еңбек, сондықтан уақытты дұрыс басқарып, баға­лау қажет. Өз жолыңызда қандай кедергілерге кезіксеңіз де, нақты мақсаттар қойып, соған жетуге тырысу міндет». Сонда спортшы өзінің келешектегі жоспарлары тура­лы айтып, Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайын­дықты бастап кеткенін де жет­кізген. Міне, бүгін сол көрсеткі­шіне куә болып отырмыз.

– Естеріңізде болса, мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойын­дарында финалда өнер көр­сет­кенмін. Бірақ онда финалдағы қарсыла­сымның мемлекеттік әнұраны шыр­қалған. Сол кезде мен бір күні менің жеңісімнің құр­метіне Қазақстанның әнұра­ны шырқалатынын елестеткен едім. Бүгін, міне, сол арманым орын­далды, – деп Елдос Париж Олим­пиадасындағы әсерімен бөлісті, – бұл медальға қол жеткізу үшін көп еңбек еттім. Отбасымды қалаған уақытымда көре алатын мүмкіндігім болмай, жырақта жүріп жаттықтым. Менің 5 ба­лам бар. Олимпиададан бір алты­ным болса, үйде 5 алтыным бар. Бұл алтын медаль Қазақстан үшін ал­ғашқы алтын емес. Бірақ, дзюдо­дан Орта Азия елдері үшін ал­ғашқы алтын, – деді чемпион Халықара­лық дзюдо федерация­сына берген сұхбатында.

Елдос Сметов 2028 жылғы Олим­пиадаға дейін карьерасын жалғас­тырмақ ниетте. Олимпиа­да чемпио­нын грек-рим күресі­нен финалға дейін жеткен 34 жастағы Демеу Жадыраев ша­быт­тандырған екен. Бұл туралы ол тілшілермен өткен брифинг барысында айтты. Келесі Олим­пиадаға қарай Сметовтің жасы 35-ке толады. Олай болса Елдос Халықара­лық дзюдо федера­циясы берген алтын жапсырма­мен күреседі.

Кез келген спортшыға шабыт беретін де осы ақжарма тілекті, кең пейілді елдің батасы. Көп­шілік үміт артқан соң, сол үміттің үдесінен кім болса да шықсам дейді. Елдос сол үмітті ақтады, ниетіне жетті. Көк ту желбіреп көте­ріліп, әлем алдында әнұран шыр­қалып жатты, сол кезде балуанның толқып, көз жасына ерік бергені де көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ