Айғақ (Шымкент)

19 желтоқсан, 2015

ҚазҰУ-мен жарқын болашаққа...

Армандап, аңсап күткен университет күздің алғашқы күнінде күлімдеп, құшағын жая қарсы алып еді. Міне, ақ қағазға өрнектеп түсірем деп жүргенде, үш айдың орны толып қалыпты. Талайдың орындалмас, талайдың болашақ арманына айналған мекен - ҚазҰУ бүгінде біздей жастарды алақанында аялауда. Бөрімізге аян, бұл қара шаңырақ талай қыран құстың қанатын қатайтып, талай жүректің арманын шындыққа айналдырды. Табылды Досымов айтпақшы, аспанға қол созған қыр баласының да, тауға қарап бой түзеп өскен тау баласының да жұлдызын жаққан бұл қара шаңыраққа университет іргесін берік ұстаған аталарымыздың исі сіңген. Кез-келген арманы бар жас жүрек өз білімінің жетілуін белгілі бір оқу орнымен байланыстырады. Біреулер ЕҰУ-ды, біреулер Назарбаев университетін, біреулер тіпті, шетел асуды армандайды... Ал, мен ҚазҰУ-ін армандадым. Балалық шақтың бал дөміне қанып алып, дүние туралы ой түйе алатын жасқа жеткелі, ҚазҰУ-нің бір ғана бөлшегі болуды, осы білім шаңырағының дарынды жастарының бірі болып, ел мүддесі үшін еңбек етуді армандадым. Арманым өзіммен бірге ұлғайып, кең қанат жайды. Алатау етегінде орналасқан жастықтың мекені - Алматыны, нағыз білімділерді тоғыстырған ҚазҰУ-де білім алу кез-келген жанға бұйыра бермесі хақ. Сол бақ бұйырған бақытты жанның бірі - мен.

Ө.Жолдасбеков атындағы зәулім сарайды, «Керемет» деп аталатын кереметтей студенттерге қызмет көрсету орталығын, бірінен соң бірі бой түзеген ғимараттарды, адам жанының азығы болып табылатын кітаптардың мол қоры бар - Әл-Фараби кітапханасын, спорт комплексін, тамақтандыру комбинатын, студенттер үйін, жалпы ҚазҰУ қалашығының табиғатын көріп, таң қалғанымның несін жасырайын?!

Білім жағын сөз етер болсам, мұнда халықтың жанашырлары, қайраткерлері білім берген, өздері де осы ұядан түлеген. Ал, ол дәстүр қазірде бар. Бүгінгі таңда университетте білімі шарықтаған білікті ғалым, дарынды профессорлар, тәжірибелі доценттер білім береді. Әлемнің алпауыт елдерімен қатар бой түзеп, дамып келе жатқан қазақ елі үшін ҚазҰУ-нің орны ерекше. Иө, бұл бала жүрегімнің қалауы, менің жасаған таңдауымның дұрыс екеніне тағы бір дәлел. Себебі, мен ҚазҰУ-ті мақтағым емес, онымен мақтанғым келеді.

Арманымызға қанат бітірген ҚазҰУ, бүгінде біздің болашағымыздың жолдарын жарытуда. Ендеше жас түлек сен де жарқын болашаққа ұмтыл.

Ұлжалғас АБДУРАЗАКОВА, Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінің I курс студенті.