Халық

19 желтоқсан, 2015

Білімнің қара шаңырағы

Мен қазір Алматы қаласындағы Қазақстанның білімі мен ғылымының қара шаңырағы, сексен жылдан аса тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студентімін. Осы университетте оқып жатқанымды өзгелерге мақтан етемін. Мұнда тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана емес, алыс-жақын шетелде тұрып жатқан қандастарымыз, шетел азаматтары да білім алуда. Бұл да болса университеттің халық-аралық беделінің жоғары екендігінің дәлелі.

Бұрын ҚазҰУ туралы теледидардан көріп, баспасөзден оқығаным болмаса, университетке барып көрген жоқ едім. Тек оқуымды бітіріп, ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, қолыма сертификатымды алып, Алматыға келгенде екі ойлы болғаным рас. Анам екеуміз бірінші болып ҚазҰУ қалашығына жол тарттық. Университет туралы ең бі-рінші әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Менің атам мен әжем де осы университеттің түлектері. Атамның айтуымен университетке деген қызығушылығымның арта түскенін жасырмаймын. Университет қалашығының ішіне кірген сайын көз жетпейтін, үлкен аумақты жерді алып жатқан абат-тандырылған территорияны көріп, табиғатының сұлулығына, әсем ғимараттарына қарап, «ҚазҰУ-да жүргеннің өзі бір – романтика» деп айтатын осы университетті бітірген аға-әпкелерімнің сөзі есіме түсіп, оның шындығының куәсі болдым. Сол күні-ақ өз шешімімді өзгертпей осы университетке тоқталатынымды анама айттым. Ол кісі де бірден келісімін берді. Сөйтіп ғылыми, мәдени, әдеби, рухани жағынан алдыңғы орында көш бастап тұрған университетке оқуға қабылдандым.

Жаңа оқу жылы басталғаннан түрлі қоғамдық жұмыстарға қатыса бастадым. Мұнда сабақ оқуға, спортпен шұғылдануға, интернет желілерінде отырып жұмыс істеуге, шығармашылық жұмыспен айналысуға барлық жағдай жасалған. Студент өз мүмкіншілігіне қарай сабақтан бос уақыттарда ән-би, көркем сөз оқу, т.б. көптеген спорттық үйірмелерге қатыса алады.

Қазір мен студент жастарды біріктіретін университетте өзіндік орны бар «Студенттік кеңесте» қызмет атқарамын. Ұйым барлық мүмкіндіктерді есептеп, арнайы жасалынған жоспар бойынша жұмыс істейді. Мен де өз тарапымнан берілген тапсырмаларды мұқият орындап, «Студенттік кеңестің» талаптарына сай жұмыс жасаудамын.

«Қазақ филологиясы» факультетінде оқитындықтан мұнда көптеген ақын-жазушылармен, әнші-сазгерлермен жиі кездесу ұйымдастырылып тұрады. Жыл басынан бері ең алғаш «Әпке» пьесасымен Қазақстанға танымал болған, қала берді, алыс-жақын шетелдерді өзінің шығармаларымен тамсандырып жүрген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков атамызбен болған кештен ерекше әсер алдым. Қа-зақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов атамыздың қатысуымен ұйымдастырылған кездесу кеші де тағылымы мол, ғибратты сөздерге толы болды. Атамыз шығармашылық жолдың оңай еместігін, ол үшін терең білім мен ерінбей еңбек ету керектігін айтты. Ал бізге болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу үшін сол салада білікті маман болып шығудың қыр-сырларына тоқталып өтті. Кеш әңгіме-сұхбат түрінде өтіп, қойған сұрақтарымызды да бар ықыласымен тыңдап, жауап берді.

Осы жылдың 18 қарашасында Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында сазгер, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың 50 жылдығына арналған үлкен еске алу кеші өтті. Оған Қазақстанның өнер жұлдыздары да қатысты. Ақын ағамыздың лирикалық иірімге толы әндері мен өлеңдерін тыңдап, талантты дарын иесінің жаңа қырларын таныдым.

Университет көлемінде болып жататын «Бірінші курс таланттары», «Алтын күз», «Ана тілі аруы», «Түркі әлемі», «Екі жұлдыз», т.б. көптеген іс-шараларға үнемі қатысамын. Қарттар күні қарсаңында «Қарттар үйіне» барып оларға көмектесеміз. Бұл бір жағынан өзімнің жеке тұлға болып қалыптасуыма да үлкен септігін тигізіп жатыр десем, артық айтқандық емес. Оқу, теориялық білімімді жетілдіру жағына келетін болсам, мұнда сабақ беру, дәріс оқу кездерінде оқытушылар студенттермен тең дәрежеде сөйлесіп, пікір алысып, студенттердің өзін-өзі басқаруына, сондай-ақ көшбасшылық қасиеттерін танытуға, оны ұштауға мол мүмкіндік жасайды. Университеттің әлемдегі рейтингісі жоғары оқу орындарымен байланысы да жақсы жолға қойылған.

Келешекте білікті маман атанып, ғылыммен айналысамын деген ойым бар.

Маған терең білім мен сапалы тәрбие берген Қызылорда қаласындағы №12 Ілияс Қабылов атындағы мектептегі ұстаздарыма шексіз ризашылығымды білдіремін.

Жас достар, біздің университетке келіңіздер, еш өкінбейсіздер. Жалынды жастық шақтарыңыздың әрбір сағаты қызықты өтетініне күмәнданбаңыздар!

Парасат ҚАЗБАЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Қазақ филологиясы және әлем тілдері» факультетінің 1-курс студенті