Цифрлық дәуірдегі журналистиканың өзекті мәселелері қарастырылдыFarabi University

Цифрлық дәуірдегі журналистиканың өзекті мәселелері қарастырылды

24 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Журналистік білім беру мен ғылымының сабақтастығы: жаңа ұстанымдар және өзекті зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аталған іс-шара ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист, қоғам қайраткері, ғалым Намазалы Омашевтың 75 жылдық мерейтойына және ғылыми-педагогикалық қызметінің 50 жылдығына арналды.

Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚР ҰҒА академигі, профессор Бауыржан Жақып, Айтыс ақындары және жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, оқу ордасының оқытушылары мен студенттер қатысты.

Халықаралық конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Мәлік Отарбаев оқып берді. Құттықтау хатта: «Намазалы Омашев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл бойы жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, жоғары білім саласын ілгерілетуге зор еңбек сіңірді. Көптеген теориялық еңбектер жазып, ғылымды дамытуға белсене атсалысты. Сіз тәрбиелеген шәкірттер бүгінде түрлі салада табысты жұмыс істеп жүр. Ел руханиятын өркендету жолындағы қажырлы қызметіңіз үшін ризашылығымды білдіремін», – делінген.

Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың хатын оқыды. «Сіз Қазақ радиосынан бастаған еңбек жолыңызда толайым табыстарға қол жеткіздіңіз. Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі журналистиканы ілгерілетуге зор үлес қостыңыз. Сіздің ғылымдағы жетістіктеріңіз бір төбе», – делінген Мәулен Әшімбаевтың хатында.

Өз кезегінде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт  Түймебаев арнайы жолдаған алғыс сөзінде: «Намазалы Омашұлы ЮНЕСКО-ның бұқарамен байланыс және журналистика кафедрасының негізін қалап, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры ретінде өзіндік мектебін қалыптастырды. Декандық қызметте жаңа кафедралардың, заманауи мамандықтардың, теле-радио студиялардың, компьютерлік сыныптардың, арнайы аудиториялардың ашылуына ықпал етті. Терең ізденістеріңіз бен бүгінге дейін қол жеткізген табыстарыңыз халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалып, жоғары бағаланды», – деп атап өтті.

Сондай-ақ іс-шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың құттықтау хаттары оқылды.

Конференцияда Бауыржан Жақып, Жүрсін Ерман, Ұлықбек Есдәулет, Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, Намазалы Омашевтың қайраткерлік және азаматтық болмысына тоқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі