ҚазҰУ түлегіне алғыс білдірдіFarabi University

ҚазҰУ түлегіне алғыс білдірді

24 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да филология факультетінің түлегі, ҚР мәдениет саласының үздігі Қайырниса Жұмашева студент жастармен кездесті.

Жүздесуге ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекқызы, оқытушы-профессорлар  құрамы және білім алушы жастар қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Қайырниса Аманқызы, сіз Қазақстан жазушылар одағында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, қазақ әдебиеті классиктерінің таңдамалы шығармаларының жинақтарын шығаруға, мерейтойлық және басқа іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге белсенді атсалыстыңыз. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесіңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Өзіңізіге зор денсаулық, жұмысыңызға табыс, отбасыңызға амандық тілеймін», – делінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ жиында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қайырниса Аманқызының адами болмысы мен қайраткерлік қырларына тоқталып, мәдениет саласының үздігіне «Алтын барыс» төсбелгісін табыстады. 

Өз кезегінде Қайырниса Жұмашева жиынға қатысушылардың баршасына алғыс білдіріп, студент жастардың сауалдарына жауап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі