ҚазҰУ-ды әлемдік рейтингтерде ілгерілету мәселесі талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университетті халықаралық рейтингтерде ілгерілету мәселелеріне арналған Ғылыми кеңестің отырысы өтті.
Баяндамашы ретінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйледі. Бірінші проректор QS, THE халықаралық рейтингтеріне арналған жұмыс жоспары бойынша бірінші жартыжылдықтағы факультеттердің есептеріне талдау жасады. Позицияларды жақсарту үшін арнайы мәселелер, шешімдер және іс-шаралар жоспары айтылды. Еркін Ерманұлы рейтингтерде жоғары орындарға қол жеткізу үшін ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, инновациялық бағдарламаларды дамыту және жоғары білікті кадрларды даярлауға көбірек көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Аида Қыстаубаеваның баяндамасы тыңдалды, онда университеттің Times Higher Education (THE) рейтингіндегі позициялары талданды. Аида Серікқызы университет көрсеткіштеріне әсер ететін мәселелер туралы баяндап, сондай-ақ оларды жақсартуға бағытталған шешім мен іс-қимыл бағыттарын ұсынды.
Ғылыми басылымдарда көріну төмендігі –THE үшін жоғары сапалы ғылыми басылымдардың саны, әсіресе зерттеушілер тарапынан басқа ғалымдардың мақалаларынан келтірілген дәйексөздер халықаралық журналдарда аса маңызды.
Баяндамашы көршілес Қытай, Сингапур елдерінің мысалын келтірді, онда ғалымдарды көтермелеу үшін олардың мақалалары жоғары рейтингті журналдарда жарияланып (Scopus/WoS бойынша Q1, Q2), жоғары импакт-факторы бар мақалалар үшін ақшалай сыйақылар, үздік журналдарда (Nature немесе Science) шыққан ғылыми еңбектері үшін ақшалай баламадағы қосымша бонустар беріліп, дәйексөз келтірілгені үшін арнайы материалдық қолдау көрсетіледі.
Осыған байланысты ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бірыңғай құрылымды Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар, зауыттар және фабрикалармен ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін айтып, олар үшін әзірленген ғылыми зерттеулерді коммерцияландырудың қажеттігін атап өтті. «Барлық ғылыми жобалар экономика үшін жұмыс істеуі керек. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Нәтижесінде мұндай қызмет университет рейтингінде көрініс табады», – деді ҚазҰУ ректоры.
Ғылыми кеңес отырысында ғалымдар ресурстарды оңтайлы пайдалану, магистранттар мен докторанттардың академиялық ұтқырлығы, жарияланымдардың сапасын арттыру, ғылыми конференцияларға белсенді қатысу және пәнаралық зерттеу топтарын құру қажеттілігі туралы мәселелерді талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі