ҚазҰУ-да «Денсаулық» спартакиадасы өттіFarabi University

ҚазҰУ-да «Денсаулық» спартакиадасы өтті

27 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушылар мен қызметкерлер арасында дәстүрлі «Денсаулық» қысқы спартакиадасы өтті.

 

Биыл 51-ші рет өткізілген жарыс  шахмат, үстел теннисі, ерлер мен әйелдер арасындағы волейбол, шағын футбол және тоғызқұмалақ бойынша ұйымдастырылды.

Оқу жылының басынан бастап факультеттерде командалар құрылып, жаттығулар өткізілді. Спартакиадаға дайындықты ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы мен ҚазҰУ спорт клубы қамтамасыз етті.

Спорттық жарыстарға факультеттер мен бөлімшелерден 19 құрама команда қатысты. Жалпыкомандалық есепте спорттың алты  түрінің нәтижесі бойынша спартакиаданың жеңімпазы заң факультеті  болды. Екінші орынды Әскери кафедраның спорт ұжымы жеңіп алды. Үшінші орынды физика-техникалық факультеті иеленді.

Спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Парасат» ҚазҰУ қызметкерлері кәсіподағының естелік кубоктары және дипломдарымен марапатталды.

 «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев мұндай іс-шаралар Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарының үшінші санаты – салауатты өмір салтын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі