«Білім мен тәжірибе арасындағы көпір»

Аружан Бакумбайқызы 2021 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану факультетін Шығыстану (Корейтану) мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты .
Оқу барысында өзін көрнекті студент ретінде көрсетіп қана қоймай, қатарынан үш рет (2018 жылдан 2020 жылға дейін) POSCO TJ Park Қорының «POSCO Asia Fellowship» стипендиясының иегері атанды. Бұл жетістік оның халықаралық ынтымақтастық пен білім беруді дамытуға қосқан үлесін мақтанышпен атап өтуге мүмкіндік береді. Академиялық жетістіктерінің арқасында 2018 жылы Shinhan Bank Kazakhstan стипендиясына ие болды және ақылы оқудан мемлекеттік грантқа ауыстырылды.
Аружан академиялық үлгеріммен ғана емес, ғылым мен өнердегі тамаша жетістіктерін де көрсете білді. Ол көптеген жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Соның ішінде 2019 жылы Ханян университетімен және Намсеул университетімен бірлесіп ұйымдастырылған 9-шы Халықаралық Шешендік өнер байқауында 1-ші орынға ие болды. Бұл жетістік Ханян университетінің магистратурасына түсуге мүмкіндік берді. 2020 жылы Корей білім беру орталығы ұйымдастырған корей тілі олимпиадасында 2-ші орынға қол жеткізді.
Шығыстану және әдеби аударма саласында шығыстану бойынша Республикалық олимпиадада және «Корея тарихы» конкурсында 3-ші орынды иелене отырып, сондай-ақ әдеби аударма конкурстарында (Қазақ тілінен Корей тіліне және Корей тілінен Қазақ тіліне) жүлдегер атанды.
Оқуды үздік бітіргеннен кейін (қызыл диплом) Аружан ҚазҰУ-дың Болашақ студенттеріне үлгі боларлықтай, кәсіби дамуын жалғастыруда.
Қазіргі таңда Аружан POSCO International корпорациясында Ассоциат қызметкері ретінде жұмыс атқаруда. POSCO International корпорациясында кәсіби дағдыларын ғана емес, сонымен қатар университет пен POSCO TJ Park Қоры арасындағы байланыстың жандануына үлесін қосып келеді. Университет студенттеріне, табысқа ұмтылған жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға көмек көрсететін жыл сайынғы стипендияларды ұйымдастыруда шешуші рөл атқарады. Оның жұмысы ҚазҰУ түлектерінің халықаралық аренада білім беру және мәдени байланыстарды дамытуға қолдау білдіруді жалғастыруының жарқын үлгісі болып табылады.
Басқа жаңалықтар

