ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

2 ақпан, 2025

Құрметті баспасөз қызметкерлері!

Сіздерді Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл айтулы мереке 1913 жылдың 2 ақпанында «Қазақ» газетінің алғашқы саны Орынбор қаласында жарық көрген уақытына орайластырылғанын білесіздер.

2023 жылы «Ұлттық басылым күні» болып бекітіліп, түрлі газет-журналда еңбек етіп жатқан баспасөз қызметкерлеріне айрықша назар аударылып келеді.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында  «Бұл мереке – елімізді өркендету және мемлекеттігімізді нығайту жолында еңбек етіп жүрген баспасөз өкілдеріне деген шынайы құрметтің белгісі.

Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған.

Біз оның бай тарихын, ағартушылық дәстүрін мақтан тұтамыз» деп атап өтті.

Сондай-ақ елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдар қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткенін айта келе,  «аға буынның сара жолын қазіргі кәсіби журналистер лайықты жалғастырып келеді» деп жоғары бағасын берді. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ басылымдарына тұрақты қолдау білдіріп, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар арасында кеңінен насихатталуына ықпал етіп келеді.

Алдағы уақытта да ынтымақтастық байланысымызды арттырып,  мемлекет саясаты мен университет қызметінен шынайы ақпарат таратып, жоғары біліктілік таныта беретіндеріңізге сенім артамын. 

Сіздерге шығармашылық табыс, терең ізденіс, адал еңбек тілеймін!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ