Мемлекеттік тілде оқулық жазатындар санаулы
Халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алатын студенттерден білікті маман шығуы үшін оларға жол көрсететін мамандар да кәсіби тұрғыдан мықты, оқулықтар да талапқа сай болуы тиіс және болашақ заңгерлер жаңа шығып жатқан заңнамаларды жетік меңгеруі маңызды. Осыған орай, жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарып келе жатқан ұстазымыз, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Ағыбаевтың «Қылмыстық құқық. Жалпы бөлік», «Қылмыстық құқық. Ерекше бөлік» оқулықтары жарық көрді. Осыған дейін А.Ағыбаев жаңа қылмыстық заңнамаға түсініктеме жазып шыққан болатын.
2015 жылдың аяғында «Жеті-Жарғы» баспасынан жарық көрген оқулық 384 беттен тұрады. Еңбекте қылмыстық құқыктың жалпы мәселелері, оның принциптері, қылмыс пен жаза туралы ұғымдарға ғылыми анықтама берілген. Жазаға тарту, одан босату, қылмысты анықтау мен одан арылу тәжірибесі баяндалады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің Халықаралық құқық кафедрасының студенттерін оқытуда да ғалым еңбегінің пайдасы зор.
Мәселен, жаңа кітапта қылмыстық құқық бұзушылық қылмыстық теріс қылық және қылмысқа бөлінетіндігін анықтап, жете түсіндірме беріп кеткен. Жазаның жаңа түрлері: қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасынын шегінен тысқары жерге шығарып жіберу жазасына түсініктеме берілген. Кепілгерлік белгіленуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мәселесі де оқулықта нақты ашылған екен.
Оқулыққа пікір жазған заң ғылымының докторы, профессор С.Молдабаев автордың аталмыш кітапты мемлекеттік тілде қысқа уақытта жазып шыққанына ерекше ілтипат білдіріп, еңбектің қазақтілді шәкірттерге көмегі кемел екенін айтқан. Шындығында, мемлекеттік тілде оқулық жазатын ғалымдар легі қалыптасқанымен, жоғары деңгейде жазатын ғалымдар санаулы ғана. Осындай олқылықтардың орнын толтырып жүрген ғалымдардың бірі Арықбай Ағыбаев екенін айта кеткеніміз жөн. Профессор тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, Қазақстанның заң ғылымын, соның ішінде қылмыстық құқық ғылымын дамытып келе жатқан санаулы ғалымдардың бірі және бірегейі.
Н.ЖЕТІБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дын Халықаралык құқық кафедрасының доценті