Заң газеті

26 желтоқсан, 2015

Студенттер сот жұмысымен танысты

Бостандық аудандық №2 сотында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті студенттерінің қатысуымен «Ашық есік» күні өтті.

Болашақ құқық саласының мамандарын төраға Жанат Бекжанов пен судья Людмила Бектемірова сот жұмысы, құқықтық мәдениет, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекс нормаларымен жан-жақты таныстырды.

Ж.Бекжанов жаңа жылдан бастап сот жүйесінің бес сатыдан үш сатыға көшетінін және сотқа берілетін санкциялар санының да көбейгенінен хабардар етті. Л.Бектемірова БҰҰ-ның ұйымдастыруымен республика көлемінде өткен халықаралық семинарға қатысып, бірінші сатылы соттар жұмысынан баяндама жасаған. Сондықтан, судья студенттерге жоғарыда аталған кодекстер нормаларын түсіндіріп, тергеу судьясының қызметіне тоқталды. Және заңдардың бәрі азаматтар құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Бүгінде әрбір сот залы бейне-камерамен жабдықталған. Сот процесінің түгелдей жазылуы, тараптарға да, судьяларға да пайдалы екені және олардың ең алдымен соттағы ашықтықты қамтамасыз ететіні айтылды. Жиын барысында судьялар студенттер сұрақтарына жауап берді. Мысалы, «Сот процесі қандай жағдайда кейінге қалдырылады?» деген сұраққа төраға: «Сот процесіне міндетті түрде сотталушы, ауыр қылмыста қорғаушы қатысуы керек. Егер біреуі келмей қалса, процесс кейінге қалдырылады. Екіншіден, жәбірленуші де қатысуы тиіс. Егер ол келе алмайтынын сотқа жазбаша баяндаса, ондай жағдайда да кейінге шегеріледі. Кейде сұралмай қалған куәні алдыру үшін, т.б. жағдайларда кейінге қалдырылуы мүмкін» деп жауап берді. Жиын соңында төраға өздерінің біріге жұмыс істеуге, болашақ заңгерлердің сотқа келіп тәжірибе алуына көмектесуге дайын екендіктерін айтты.