«Отан» деп соқсын әр жүрекFarabi University

«Отан» деп соқсын әр жүрек

11 ақпан, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында 2024 жылға қорытынды жасап, ел эконо­ми­ка­сы, халықтың әлеуметтік жағдайы, елдегі заң саласына қатысты өзгерістерге жан-жақты тоқталып, маңызды мәселелерді шешуге қатысты жоспарларымен бөлісе отырып, 2025 жылда жоспарлан­ған жаңа бастамалар мен өзгерістерді айтып өтті. 

«Еліміздің тағдыры – жастардың қо­лын­да. Біз мәдениеті жоғары, отан­шыл­дығын істерімен көрсете алатын ұрпақ өсі­руге міндеттіміз. Қазақстанда та­лант­ты, білімді, көздеген мақсаттарына жете алатын жігерлі жастар өте көп. Сондықтан мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін», – деп жастарға үміт артатынын жеткізді. Мемлекет басшысы жастары­мыз­дың ілім, білім қуып немесе қызмет жасау мақсатында шетелге шығуға қа­тысты пікірін білдіре отырып, халық­ара­лық «Болашақ» стипендиясы арқылы жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орта­лық­тарда тағылымдамадан өтуіне жағ­дай жасалғанын және ары қарай да жа­сала беретінін ерекше атап өтті. Жастар кә­сіби біліктіліктерін шетелдерде арт­тырып, білмегендерін үйренгеннен қо­рық­пауы керек, өзгерістерге бейім, ши­рақ болулары тиіс.

«Еліміздің азаматтары шетелдерде жүрсе де, өз елінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын дәріптеп, еліміздің абы­ройын асқақтатуға атсалысып, Ота­нына пайдасын тигізе алады» деген Пре­зи­дент пікірін қолдаймын. Мәселен, мен қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы ая­сында Лондонның империал коллед­жін­де химиялық инженерия, соның ішін­де нанотехнология бағытында ғылыми жұ­мыстар атқарып жүргеніме бес ай болды. Өз басым әлемнің ең жоғарғы топ университеттерінен тағылымдамадан өту әр қазақ үшін абырой деп есептеймін. Лондонның империал колледжіндегі бес ай уақытта ғылыми зерттеу жұмысымнан бөлек, материалдарды зерттеудің фи­зи­ко-химиялық әдістерінің біршамасын игер­дім. Бұл менің алдағы уақытта өз университетім – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс оқығанда да, тәжірибелік сабақтарды жүргізгенде де мате­риал­дарды жеңіл түрде жеткізуіме септігін ти­гізетініне кәміл сенемін.

Сонымен қатар материалдарды зерт­темес бұрын, үлгіні қалай дайындау ке­рек және т.с.с көптеген пайдалы ғылыми тә­жірибелер алудамын. Президентіміз «Мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету – басты мақсат» деп айтқандай, өс­келең ұрпақ, яғни мына біз жан-жақты дамып, мәдениеті жоғары мықты ел болып, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға өз өмірлерін құрбан еткен аға ұрпақтардың жолын жалғап, жүрегіміз «Отан» деп со­ғып, тәуелсіздігіміз үшін, келешек ұрпақ үшін білімді болуымыз керек.

Меруерт НАЖИПҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Лондонның империал колледжінің ғылыми зерттеушісі