ҚазҰУ халықаралық ынтымақтастығының жаңа перспективалары

10 ақпан, 2010

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Мәскеудің беделді жоғарғы оқу орындарымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

5 ақпанда ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің ректоры Виктор Садовничиймен кездесті. Кездесуде халықаралық білім кеңістігіндегі іргелі екі оқу орнының ең басты стратегиялық даму мәселелері талқыланды. Студенттік мобильділікті дамыту мәселесіне басты назар аударылды, сондай-ақ КазҰУ мен ММУ арасындағы қос дипломды ынтымақтастық жөнінде сөз болды. Мәскеу мемлекеттік университетінің жетекші профессорларын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс-сабақтарын өткізуге шақырды.

Өз кезегінде ММУ ректоры Қазақстан Республикасы Президентінің ақпандағы Жолдауын қолдап, білім мен ғылымның дамуына мемлекеттік қолдаудың қажеттілігі аса маңызды роль атқаратындығын айтты. Сондай-ақ Қазақстан президентінің бастамасымен Астанада Жаңа университет ашылатындығын мәлімдеді. Виктор Садовничийдің пікірінше, Астанадағы Жаңа университет пен Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті білім мен ғылымның ірі орталықтарына айналуы керек.

Жетекші білім ордаларының басшылары ағымдағы жылдың қазан айынан қалдырмай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың базасында ММУ және Еуразия университеттер қауымдастығының негізінде ғылым мәселелері мен перспективаларын талқылауға арналған Дүниежүзі ғалымдарының ғылыми форумын өткізуге келісті.

ҚазҰУ өкілдері алдымен «Дубна» Халықаралық университетіне барып, РЖҒА-ның (Ресей Жаратылыстану ғылымдарының академиясы) президенті Олег Кузнецовпен кездесті. Кездесу барысында қазақстандық оқу орынның өкілдері Мәскеу аймағындағы ғылым-білімнің жетекші орталығы болып табылатын керемет кешеннің қызметімен танысты. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізу үшін Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ынтымақтастық келісім-шартқа отырды.

ҚазҰУ ректоры РХДУ-дың (РУДН) ректоры Владимир Филипповпен кездесіп, оқу орынның 50 жылдығымен құттықтады. Әріптестер ұзаққа созылған әңгіме барысында түрлі мәселелерді қамтыды. Жекелей алғанда ТМД мен ШЫҰ елдерінің желілік университетін дамытудағы ынтымақтастық, Консорциумдағы 11 университеттің немесе ҚазҰУ-дың магистранттарын бірлесе оқытып шығару үшін жоғары санаттағы магистрлік бағдарламаларды ұйымдастыру және жүзеге асыруда күш біріктіру, сондай-ақ жоғары деңгейлі ғылыми мамандарды дайындау мәселелері қарастырылды. Ресейдің жоғары оқу орны басшысының пікіріне сүйенсек, ғылыми мамандардың қартайып, олардың орнын басатын жас мамандардың жетіспеуі Ресей мен Қазақстан үшін ортақ мәселе. Дәл осы мәселені шешуде ірі классикалық университеттер фундаменталды ғылыми зерттеулер жүргізудің діңгегі болып, жастарды ғылымға тартуда білікті ғылым кадрларын дайындайтын орталыққа айналуы тиіс. Кездесу барысында ҚазҰУ мен РХДУ арасында студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамын алмастырып, біліктілікті арттыру үшін қысқа мерзімде тәжірибелік сынақтардан өтуге және біріккен ғылыми жобалар жүргізу турасында ынтымақтастық келісім-шартына қол қойылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі