Цифрлық дәуірде жетістікке жету жолы

Заманауи IT шешімдері білім беру, денсаулық сақтау, қаржы секторы сияқты салаларда серпінді өзгерістер жасап жатыр. Сондықтан жас мамандардың осы саланы меңгеріп, инновациялық жобаларды дамытуы еліміздің жарқын болашағына кепіл болады.
Механика-математика факультетінің Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының 4-курс студенттері және IT бағыты бойынша өз саласының үздіктерінің қатысуымен ерекше дәріс өтті. Шараға Ioka.kz платформасының негізін қалаушы Жұмаш Мағжан және Big Data бағытында табысты жобаларымен танылған Мәди Мұратұлы арнайы келді. Олар студенттерге Математикалық және компьютерлік модельдеу мамандығы мен IT индустриясының қиылысқан бағыттары, болашағы туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Дәрістің басты мақсаты – цифрлық технологиялардың бизнес пен қоғамға тигізетін әсерін көрсету, сондай-ақ студенттердің болашақ мамандықтарын нақты айқындауға шабыттандыру болды. Спикерлер жұмыс істеу бағыттары бойынша ақпаратпен кеңінен бөлісіп өтті. «Big Data – тек технология емес, ол бизнес пен өмірді өзгертетін үлкен күш», – деді спикерлердің бірі.
Дәріс барысында Ioka.kz компаниясының негізін қалаушылар заманауи платформаларды құрудағы тәжірибелері, қаржы технологиялары, электронды төлемдер және пайдаланушыларға арналған интуитивті шешімдер туралы толыққанды ақпарат берді. Игеріліп жатқан мамандықтың салаға қоса алатын мүмкіндіктері жоғары екенін атап өтті. Ал Big Data саласындағы сарапшы деректерді қолдану арқылы бизнес шешімдерін қалай оңтайландыруға болатынын нақты мысалдармен көрсетіп, студенттердің меңгерген білімін қолдана алатынын жеткізді.
«Біз тек технологияны дамытып қана қоймай, оны өміріміздің барлық саласына енгізе отырып, қоғамның сапалы дамуына үлес қосуымыз керек», – деді сарапшылар. Олар деректерді дұрыс қолданудың денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалардағы маңызына ерекше тоқталды.
Студенттер кездесуде мамандардың бағалы кеңесін тыңдап, қызықтырған сұрақтарына толық жауап алды. Спикерлер IT саласындағы қажетті дағдылар мен оларды дамыту жолдары туралы нақты ұсыныстар берді. Сонымен қатар дәріс барысында Ioka.kz платформасының мүмкіндіктері мен Big Data технологияларының заманауи шешімдері көрсетілді.
Мұндай кездесулер жастарды цифрлық технологияларға қызықтырып қана қоймай, олардың болашақта бұл бағытта жұмыс істеу мүмкіндігі зор екенін көрсетеді. «Біз үшін ең маңыздысы – талантты жастарды анықтап, оларды инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ынталандыру», – деді компания басшылары.
Шара соңында сарапшылар өз компанияларында тәжірибеден өтуге мүмкіндік бар екенін айтты.
Мақсат АХМЕТЖАНОВ,
Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасы доцентінің м.а., PhD
Басқа жаңалықтар

