ҚазҰУ-дың әйел ғалымдары марапатталды
![](/storage/news/195587699967ac8bc873baa000748504_16.jpg)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 11 ақпанда аталып өткен Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай салтанатты жиын өтіп, университетте табысты еңбек етіп жүрген әйел ғалымдар марапатталды.
Жиында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосып отырған барша нәзік жандыларды мерекемен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Қазақстанда әйелдерге барлық жағдай жасалған. Кез келген істе әйелдердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі айқын аңғарылады. Әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты жаңа Қазақстанның ілгерілеуіне септігін тигізеді деп сенемін», – деп атап өткен болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әйел ғалымдардың алатын орны ерекше. Білім ордасында жыл өткен сайын оқу-білімге, зерттеуге ден қойған қыз-келіншектер көбейіп келеді. Кәсіби шеберліктеріңіз, қайсар мінездеріңіз, еңбекқорлықтарыңыз ғылымның сан қырлы саласын дамытуға үлкен үлес қосады», – деді ЖОО басшысы.
Қазіргі таңда оқу ордасында ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген 2475 оқытушы-профессордың 1772-сі – әйел азаматтар. Білім ордасындағы жалпы ғалымдар санының 71 пайызы нәзік жандылардың үлесінде.
Университеттегі 647 ғылым докторының 383-і, 697 ғылым кандидатының 498-і, 588 PhD доктордың 391-і және 1 ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының 3 корреспондент-мүшесі – әйел ғалымдар.
Шара барысында ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ ғалым әйелге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты мен «Шапағат» медалі табысталды. Сонымен қатар жетістікке жеткен ғалым әйелдер Қазақстандағы тіл саласына арналған ведомстволық марапат – «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі, ҚазҰУ ректорының алғыс хаты және ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін», «Фараби» алтын медальдарымен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
![](/storage/news/201355397767aca1a53b7a9551590311_10.jpg)
![](/storage/news/195587699967ac8bc873baa000748504_16.jpg)
![](/storage/news/259105823667ac6d336df66249060089_001.jpeg)