
Университетіміздің Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы ширек ғасырдан бері шетелдік қазақ балаларына білім беріп, олардың қоғамға араласуына мұрындық болып келе жатқаны белгілі. Биыл да әлемнің әр түкпірінен келген жастарды қабылдап, еліміздің мәдени-тарихи мұраларымен таныстырып, еліміз туралы таным-түсініктерін тереңдетуде оқытушылар талмай еңбек етуде.
Таяуда жыл сайын ұйымдастырылатын Ахмет Байтұрсынұлының мұражайына саяхаттап қайттық. Өзім жетекшілік жасайтын «Асыл сөз» стартабының мүшелері және шығармашылық топтар келген кезде жоспарға енгізілетін басты шаралардың бірі – ұлт руханиятын дамытуға өмірін арнаған асыл тұлғалардың мұражайларына барып, өмірі мен еңбектерін көрсетіп түсіндіру, оқыту болады. Сөйтіп, ТДМ-ның 17-ші бағыты бойынша ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының мұражай-үйіне бардық. Онда жастар ұлы тұлғаның өмірі мен шығармалары туралы құнды мәліметке қанығып, тарихи жәдігерлер мен құнды деректермен танысты. Ұлт ұстазының өз қолтаңбасымен жазылған өмірбаянын оқып, әндері мен күйлерін тыңдады. Алаш көсемдерінің фотошежіресімен танысып, олардың ерлікке толы өмірінен өздеріне ұмытылмас тәлім алып, ерекше әсерге бөленді. Ұлттық құндылығымызды ұлықтап, сақтап, насихаттау біздің басты парызымыз екенін түсінді. Шетелдегі қазақ балалары еліміздегі осындай тарихи киелі мәдени орындармен танысып, әдеби шығармаларын оқып, рухани мол азық алып жатыр. Болашақта олар еліміздің мәдени-рухани дамуына өз үлесін қосуға атсалысары анық.
Жанна ӘДІЛХАНОВА,
аға оқытушы
Басқа жаңалықтар

