Астана ақшамы

9 қаңтар, 2016

Мейірімділік - жүректен

«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген екен данышпан халқымыз. Жалпы, мейірімділік дегеніміз не? Ол -басқаларың игілігі үшін қамқор болу. Бұл қасиет адамдармен, жануарлармен, табиғат пен қарым-қатынаста байқалады.

Шынайы мейірімді болу -өзіңнен гөрі адамдар мен айналаны қоршағандарға қамқор болу дегенді білдіреді. Ол - рақымшылдық пен аяушылық. Мейірімді кісі әрқашан басқаларға көмекке келіп, әркез жақсылық жасағысы келіп тұрады. Ботасынан айырылған аруана сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе құйқаңды шымырлатып боздағанын естідіңдер ме? Бір сәт елестетіп көріңіздерші... Біз, қазақ, «жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған» мейірбан елдің ұрпағы едік. Өкінішке қарай, көкек ана мен тасбауыр әке, тірі жетім атанған бейбақ сәбилер мәседесі -бүгінгі біздің қоғамның сыздаған бір жарасы болып отыр. Аталған мәселе туралы сөз қозғалғанымен, бұл жара жазылмақ түгілі, одан әрі асқынып бара жатқандай.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіндегі «Шапағат» студенттік волонтерлік клубы 2011 жылы құрылған еді. «Біздің клубымыздың мүшелеріне ортақ керемет қасиет - айналада болып жатқан игілікті істерге қолдау білдіру; көмекке мұқтаж адамдарға мейірімділік көрсету» дейді клубтың студенттік төрағасы 1 курс магистранты - Алуа Мұратова.

Қазіргі уақытта тегін көмек туралы көп айтылуда. Бұл туралы көшеде, көлікте, әр үйде әртүрлі сөздер мен талқылауларды естуге болады. Бірақ өзіңіздің мейірімділік жасағаныңыз абзал-ақ. Сіз мұқтаж адамға көмек көрсетуді ойлайсыз, ол үшін ешнәрсе талап етпейсіз. Осы орайда, «Шапағат» студенттік волонтерлік клубы Алматы қалалық психоневрологиялық ауруы бар мүгедектерге арналған интернат-үйіне, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, қарттар үйінің тұрғындарына, №1, 2 балалар үйлеріндегі жетім балаларға арналған мерекелік іс-шараларды, спорт жарыстарын және басқа да қайырымдылық көмек шараларын ұйымдастырады. Осы қайырымдылық іспен 63 студентіміз тұрақты айналысады. Біз адамдарға қайырымдылық нұрын шашып жүрген студент жастарымызға алғысымызды білдіреміз.