Ғұмыры ғибратты ғалым
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен һәм алғы сөзімен «Гүлжауһар Жамбатырова» атты кітап жарық көрді.
«Қазақ университеті» баспасының «Өнегелі өмір» сериясымен тасқа басылған басылым халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы, профессор Гүлжауһар Шағатайқызына арналды. Университет профессорлары З.Мансұров пен Қ.Байзақовалардың жетекшілігімен жарық көрген жинаққа ғалымның әр жылдары жарияланған ғылыми-зерттеулері мен мақалалары, мұрағат құжат-тары және суреттері, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері топтастырылған.
– Гүлжауһар Жамбатырова жаңа істі жан-тәнімен қолға алып, факультеттің қалыптасуы мен нығаюына өзінің бар уақыты мен білімін, денсаулығы мен күш-жігерін сарп етті. Еліміздегі жаңа мамандықтардың орнығуы мен нығаюы үшін орасан зор күш жұмсады. Оның бар ынтасы мамандық бойынша іргелі пәндерді, мамандану пәндерін, сонымен бірге шет тілдерін оқытудың сапасын арттыруға, оқу үдерісінің материалды базасын нығайтуға бағытталды. Халықаралық қатынастар факультеті ашылған алғашқы сәттен бастап жастардың жаңа мамандыққа деген қызығушылығы өте жоғары болды, – дейді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов алғы сөзінде.
Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби: «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтпағанның өзін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі» деген екен. Сол айтқандай, профессор Гүлжауһар Шағатайқызы ұлы бабамыздың осы қағидасын берік ұстанған һәм сол қасиеттер бойына дарыған ғалым және ұлағатты ұстаз еді.
А.ӘЛІПБАЕВ,Б.БЮЖЕЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценттері
http://aikyn.kz/ru/news/show/18667-_myry_ibratty_alym