Ел тынысын тани білетін көшбасшы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО дейінгі білім беру факультетінің ЖОО дейінгі дайындық кафедрасында Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауы кеңінен талқыланды.
Кафедра меңгерушісі, профессор Наухан Алтайұлы талдаудың негізгі мақсаты мен міндетін ашып айтып, «Елбасының әрбір жолдауы ел қамы үшін жасалатынын бірінші кезекте түсінуіміз қажет. Бұл жолдаудың ерекшелігі сонда, әлемдік болып жатқан дағдарыстан шығудың ұтымды даму жолдарын саралап, нақтылы атқарылатын іс-әрекеттердің бағыттары жайлы айтылып, сол бойынша жұмыс жүргізуіміз керектігін айқындап, елімізді алға жетелейтін жаңа экономикалық саясатқа көшетін жаңа жоспарлар белгіленді» деп өз ойын ортаға салды.
Елбасы өзінің жолдауын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын ескере отырып бастады. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетіміз талай тығырықтардан шығып келеді. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасқанын ерекше ынтамен атап өтті. Шынымен де, еліміздің тарихында қазіргі уақыт есте қаларлық заман болады. Өйткені Қазақстанның бүгінгі экономикалық жағдайы елімізді әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына кіргізетін жағдайға әкеле жатыр. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында бұл дағдарысты да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, мемлекеттің дамуына әрбір азамат үлес қосып, отандық ішкі өнімді өндіру арқылы қолдау көрсетсе, мемлекеттің құлдырауына жол берілмей, дағдарыстан сүрінбей өтеріне жасалған мықты қадам болмақ. Осыған байланысты жарияланған жолдаудың бағыттары біздің кәсіпкерлерге табыс кілтін ашатын жаңа серпіліс берді. Жолдауда айтылған өсу, реформа, даму жоспарлары болашақта еліміздің дамыған отыз елдің қатарына енуіне септігін тигізетін кәміл бастама екеніне сеніміміз мол. Сонымен бірге Қазақстанда жасалынып жатқан барлық жағдайлар мен мүмкіншіліктер елдің болашақ жастары үшін екенін де айтып өтуге болады. Оны Елбасымыздың мына сөздері растайды: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда». Елбасымыз жалынды сөздерімен жастарға бір серпін беріп, өзінің сенімін білімді жастарға артты. Демек, еліміздің абыройы мен даңқын асқақтатар, елі үшін аянбай еңбек ететін ол – жастар екені сөзсіз. Мемлекеттің болашағы жастар болғандықтан, жыл сайын білім саласына да қыруар қаржы бөлініп, қазіргі уақытта Қазақстанда білімді жастардың саны артып келеді. Осыған орай, жаһандық дағдарыстың қиыншылығына қарамастан тәуекелге барып, елдің болашағын дамыту мақсатында кәсіби-техникалық білім берудің тегін болатындығы жайлы айтылып және көптеген жұмыс орындары ашылып, білімді жастарды жұмыспен қамту, сонымен бірге жыл сайынғы қаржы тұрақсыздығына байланысты жәрдемақылары мен жалақыларын көтеріп отыру, баспанамен қамтамасыз ету жақтары да жақсы жолға қойылып отыр. Әрине, жолдауда алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау оңай болмайды. Бірақ жастардың Қазақстанда алып жатқан сапалы білімдерінің арқасында сенім артқан елбасымыздың үмітін ақтайтынына кәміл сенеміз.
Елбасының әр Жолдауы стилі бір-біріне ұқсамайтын халықты өрге шығаратын сара жол екеніне көзіміз жетіп келеді. Елімізге еңсе тіктетіп, мемлекетімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге танытып, алаш баласының абыройын асқақтатып отырған Елін сүйген, елі сүйген Елбасының кісілік келбетін, сан қырлы талант иесі, алғыр тұлға екенін танытып ұрпақтан-ұрпаққа үлгі ретінде насихаттап, мақтанышпен жеткізу – аға буынның басты міндеті деп білеміз.
Өрікгүл САНДЫҚБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты
http://aikyn.kz/ru/news/show/18671-el_tynysyn_tani_b_lgen_k_shbasshy