ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АНА ТІЛІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Сіздерді 21 ақпан – Халықаралық Ана тілі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген терең тұжырым жасаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» – деп атап өткен болатын.
Бұл күн ЮНЕСКО ұйымының ұйғаруымен 2000 жылдан бері әлем елдерінде аталып өтіп келеді. Басты мақсат – әр ұлттың тілдік және мәдени ерекшеліктері мен көптілділікті сақтау, тілдерді дамыту, мәдениетаралық байланыстарды нығайту.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, қазақ тілінде жасанды интеллект құру, ақпараттық жүйелерде мемлекеттік тілдің үлесін көбейту, ана тілін жаңа әдістермен оқыту мәселелеріне басымдық береді.
Университет ғалымдары бұл бағытта жемісті еңбек етіп, ауқымды жобалармен айналысуда. Өткен жылдан бері ҚазҰУ ғалымдары «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру» мегажобасын іске асыруда.
Қазақ тілінің заманауи тілдік моделін құру бойынша мегажобаны ҚазҰУ Назарбаев университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтымен бірлесіп іске асыруда.
Университет мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, тіл білімінің ғылыми саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыра береді.
Ана тіліміздің аясы кеңейіп, абыройы арта берсін!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар


