«Парасат» кәсіподағы есеп бердіFarabi University

«Парасат» кәсіподағы есеп берді

21 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университет қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының жыл сайынғы есептік конференциясы өтті.

Кәсіподақ комитетінің төрағасы Талғат Мекебаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділ, әлеуметтік мемлекет құру ісінде кәсіподақ қызметінің нысандары мен әдістерін ұдайы жетілдіру, бүкіл әлемде болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, іс-қимылдың икемді стратегияларын әзірлеу талап етілетінін атап өтті.

Талғат Мекебаев күшті кәсіподақ ұйымы – белсенді, кәсіби білікті және сауатты қызметкерлердің бірлестігі екенін атап өтті. Бүгінгі таңда кәсіподақтың 4185 мүшесі, оның ішінде 183 ардагер бар. Олар 35 құрылымдық бөлімшеге біріктірілген.

Есепті кезеңде ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы тарапынан әлеуметтік-еңбек, құқықтық және экономикалық қорғауды одан әрі жақсартуға, қызметкерлердің демалысын, сауығуын, бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Былтыр өткізілген барлық кәсіподақ іс-шаралары университеттің 90 жылдық мерейтойына арналды. «Парасат» кәсіподағы мерейтойлық іс-шараларды дайындауға және өткізуге атсалысты.

Кәсіподақтың қатысуымен демалыс кестелері, ішкі ережелер, нұсқаулықтар бекітіледі, университет қызметкерлеріне материалдық көмек көрсету бойынша шешімдер қабылданады, құрылатын комиссиялардың құрамында қызметкерлердің, оның ішінде жеке еңбек даулары бойынша өтініштері қаралады.

Есепті кезеңде факультеттер мен бөлімшелердің кәсіподақ ұйымдары қызметкерлердің кәсіптік, еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін, олардың денсаулығын, жұмыспен қамтылуын және әлеуметтік мәртебесін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізді.

Кәсіподақ оқу ақысын төлеу кезінде жеңілдіктер жасайды. 2024-25 оқу жылында ЖОО қызметкерлерінің балалары 25 пайыз жеңілдік алды. Бұл осы уақыт аралығында кәсіподақтың ұсынысы бойынша берілген ең үлкен жеңілдік.

Конференцияға қатысушылар кәсіподақ пен әкімшіліктің әлеуметтік әріптестігін, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы кәсіподақтың рөлін ерекше атап өтті.

Делегаттар кәсіподақ жұмысын жоғары бағалап, тексеру комиссиясының есебін, жұмыс жоспарын және 2025 жылға арналған шығындар сметасын бекітті.

Кәсіподақ комитетінің белсенділері медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі