
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Таяуда ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 24 kz. арнасының «Бетпе-бет» бағдарламасына Жұмысшы мамандықтары жылына қатысты мазмұнды сұхбат берді. Министр С.Нұрбек Президент тапсырмасымен жаңа төрт тетік басталғанын және олардың әрқайсысын жеке-жеке түсіндірді. Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы туралы да іске асырылып жатқан жұмыстардың біразын атап өтті.
Бұл жылдың негізгі мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлауда колледждер мен жоғары оқу орындарының қызметін ұштастыру. Осы қажеттіліктерді айқындауда өткен жылы тоғыз атлас жасалса, биыл әр өңірге қажетті 11 мамандық атласы жасалып жатқанын айтып өтті. Мемлекеттік тапсырыстың моделіне сай, кәсіби стандарттар мен атластың қажеттіліктерін тапшылықтармен ұштастыру. Осы орайда, 30 жоғары оқу орны өздерінің білім бағдарламаларын 100-ге жуық кәсіптік білім беруші колледждермен бірлесе жасап жатқан оқу орындарын атап өтті.
Өңірлік университеттердің дамуы бойынша 34 шетелдік ЖОО филиалдарының Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Тараз, Жетісу, Қызылорда, Ақтау т.б. қалаларда ашылуы талапкерлерге осы жылдан бастап таңдау беретіні өте жақсы жаңалық болды. Алдағы уақытта алыс шетелге бармай-ақ, осы білімді Қазақстаннан да алуға болатынын, бірақ шет тілін жақсы меңгеру қажеттігін де баса айтты.
Министр жатақхана тапшылығының, мысалы, 82 мың төсек-орын тапшылығын 14 мың төсек-орынға қысқарғанын айтты. Білім алушылардың шәкіртақы мәселесі бойынша жыл сайын бакалавриат 20 пайызға, магистратура мен докторантура 15 пайызға өсіп отыр.
Алдағы 2028-2029 оқу жылында докторанттардың шәкіртақысы 500 мың болатыны ғылымда үлкен жаңалық ашудың бастамасы болар деп санаймыз. Жас ғалымдарға ел Президентінің жаңа 200 пәтердің кілтін табыстауы да еліміздің жастары үшін елеулі жаңалық. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары да жаңа пәтердің кілтін алып, қуанышқа бөленді.
Қазіргі таңда білім аламын, оқимын деген жастарға үлкен мүмкіндіктер бар. Жастарымыз мемлекет үшін еңбек етіп, бәсекеге қабілетті бола алса, еліміз өркендеген мемлекетке айналатыны сөзсіз.
Шолпан ҚҰДЬЯРОВА,
PhD доктор
Гүлжамал ҚОРТАБАЕВА,
ф.ғ.к.
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы
Басқа жаңалықтар

