ҚазҰУ-дың жас ғалымына пәтер берілді

Баспана сертификатын ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендия лауреаттарын марапаттау рәсімінде салтанатты түрде табыстады.
Айжан Олжабекқызы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасының грант иегері. Жас зерттеуші 10 жылдан астам уақыт бойы университетте табанды жұмыс істеп келеді.
«Жас ғалымдардың атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз алғысымды білдіргім келеді. Бізге сеніммен қарап, жаңа пәтердің кілтін табыстап жатыр. Бұл өз кезегінде біз үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінге дейін өзімнің баспанам болмады. Жалдамалы пәтерде тұрдым. Енді алдағы уақытта өзімнің пәтерімде тұратын боламын. Өте қуаныштымын», – дейді Айжан Нұғыманова.
Қазіргі таңда Айжан Олжабекқызы жылу алмасу процестерін 3D модельдеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылыми жоба Қазақстан аумағындағы қазандықтардың жану камерасында төмен сұрыпты отынды жағу кезінде жылу мен масса алмасу процестерін және зиянды заттардың түзілуін анықтауға арналған. Жас зерттеуші Айжан Нұғыманова аталған жоба бойынша Қазақстанда алғашқылардың бірі болып зерттеу үстінде. Айта кетейік, бұған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жеті жас ғалымы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан баспана кілтін алған болатын.
Бұл бағыт бойынша жұмыстар жалғасын табады. Сұрақ бойынша ректорат 10 этаж, 10-03 кабинет немесе e-mail: Akzhan.Kyrbassov@kaznu.edu.kz.
Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаменті
Басқа жаңалықтар


