
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен
білім алушы жастары!
Сіздерді барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады», – деп атап өткен болатын.
Университет ұжымы қалыптасқан дәстүр бойынша Рамазан айында қайырымдылық пен ізгілікке негізделген рухани іс-шараларды іске асырады.
Бұл айда жақсылық пен мейірім, иман мен жанашырлық сияқты мызғымас құндылықтар дәріптеліп, рухани көкжиегіміз кеңейеді.
Жақын жандарға көмектесіп, мұқтаждарға қолдау көрсетіп, ел игілігі жолында ынтымағымыз арта берсін.
Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Оразаларыңыз қабыл болсын!
Ізгі ниетпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар

