Депрессия және одан шығу жолдары

Эмоция – мидың өз-өзіне есеп берудің ежелгі көне заманынан қалыптасқан формаларының бірі. Эмоция нейротрансмиттерлердің, ең алдымен, серотонин, норадреналин, мелатонин, адреналин, мидағы арнайы рецепторларға әсер етуінің арқасында көрініс береді. Рецепторлар арасындағы өзара әрекеттесулердің болмауы не артық болуы, немесе бұзылуы эмоциялардың белгілі бір бұзылыстарын тудырады. Көбіне депрессияның туындау себебі – ұзақ уақытқа созылған шаршаудан болатын гормон тапшылығы.
Депрессия көрінісі – бұл қозғалыстың тежелуі, ақыл-ой белсенділігінің баяулауы және өзіне деген сынның айтарлықтай төмендеуімен бірге жүретін тұрақты төмен немесе депрессиялық көңіл күй. Ол ұйқының бұзылуы арқылы сипатталады, мысалы, адам түнгі сағат 3-4-те оянып кетеді. Аффективті сферадағы тежелу жағымды эмоцияның жоғалуы немесе айтарлықтай әлсіреуі, меланхолия, алаңдаушылық, қорқыныш, ашуланшақтық пен апатияның басым болуы, сондай-ақ ерекше көріністермен өмір сүргісі келмеуімен сипатталады. Мұндайда суицидтік тенденциялар орын алуы да мүмкін.
Депрессияның басты белгілері: көңіл күйдің себепсіз тұрақты төмен болуы (бір-екі апта); жұмысқа, өмір тіршілігіне кедергі тудыратын баяу ойлау және зейіннің тұрақсыздығы; қимылдың тежелуі; сондай-ақ іштің қатуы адамның айтарлықтай денсаулығын нашарлатады.
Депрессияның мерзімі бір аптадан жылға дейін созылуы мүмкін. Оның ағымына қарай мынадай түрлері кездеседі: жасырын/бетперделі: сырттан жұртқа білінбейді, ал адам өзі сезеді), жеңіл деңгейлі (оқу, жұмыс істеу ауырлау тиеді), орта деңгейлі (жұмыс істей алмайды), ауыр деңгейлі (төсек тартып жатып қалады).
Депрессиядан шығу жолдары оның түрлеріне байланысты болады. Одан шығу жолдары кешенді шараларды қолдануды талап етеді. Жасырын және жеңіл депрессия түрлерінде өз-өзімізге көмектесіп, депрессиядан арылу мүмкіндігі бар. Ол үшін мына әрекеттерді шарт ретінде орындау қажет: күніне аз көлемде төрт рет тамақтану: тәулігіне тұтынатын су көлемі 1,5 литрден төмен болмауға тиіс, өйткені депрессияда ағза құрғақтығы артады, тамақ ақуызға бай болуы тиіс, ол гормондардың қалыптасуына әсер етеді. Көкөніс пен жидек рационның ең аз дегенде 30-40 пайызын құрауы керек. Көбіне үй тамағы болғаны жөн.
Депрессия кезінде өз-өзімізді күту ауырлық етеді, мұндайда көп адам суға түсуден қалады. Бірақ емделуден бас тартпаған абзал, депрессиядан арылу үшін мүмкіндігінше жиі душ қабылдап, міндетті түрде ашық түсті киім кию маңызды.
Депрессия адамның қызығушылығын төмендетеді, өмір тоқтап қалғандай сезінеді. Соған қарамастан, депрессияға шалдыққан адам миға оттегі толық жетуі үшін өзін-өзі мәжбүрлеп бір мезгіл таза ауаға серуендеуге шығып тұруы қажет (аз дегенде 1-2 сағатқа). Дене шынықтырғанда, қимылдағанда бұлшық ет жұмысы ацетилхолин гормонын өндіріп, ми жұмысын жақсартады. Жақсы әуендерді, классикалық ырғақты әуендерді тыңдау да көмек береді.
Біз сау кезде әдетте фотоға түсуді жақсы көреміз, депрессияға шалдыққанда мұның үлкен маңызы бар, фотоға қараған сайын сол сәттегі көңіл күй бізге оралып, жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Депрессия сезілгенде міндетті түрде бақытты сәттегі фотоларды жиі көру керек, мұның көмегі зор.
Депрессия кезінде жалғыз қалу қауіпті, мүмкіндігінше туыс, дос, әріптестер арасында болған жөн. Адам әлеуметтік ортаны табиғи түрде жақсы сезеді. Бұл психотерапияның бір әдісінде өте маңызды деп саналады: депрессияға шалдыққан адамның өз ішкі сезіміне баға беріп, оны атап отыруы өте маңызды. Мысалы, «қазір өзімде өкініш бар, болмаса біреумен сөйлесуге көңіл күйім жоқ» деген сияқты ауызша комментарий жасаған жөн. Адам өзінің сезімін атап отырғанда, оның дертке деген көзқарасы дұрысталады, ол емделуге ұмтылады. Осы атап өткен әрекеттер апта ішінде айтарлықтай жеңілдік бермесе, міндетті түрде дәрігерге бару керек.
Өкінішке қарай, көбіне біз орынсыз күдіктеніп, осы эмоция тапшылығынан өз бетімізбен шығуға тырысамыз. Жеңіл өтетін түрлерінде адам өзінің өзгергенін сезеді, сыни қарайды, алайда дәрігерге баруға асықпайды. Депрессиядан шығудың ең жеңіл жолы – психотерапевт, психиатрға емделуге жүгіну. Қазіргі заманда консультативтік медициналық карта толтырылады, кәдуілгі соматикалық емханадай адам емделеді, диспансерлік тізімге қойылмайды. Сондай-ақ бүкіл ем-шаралар туралы дәрігер толық ақпарат береді, емделуге келісім алады. Депрессияны емдейтін заманауи психотерапевт, психиатр ұсынған дәрі-дәрмектер тәуелдікке апармайды, қысқа мерзімде пациенттің жазылуына көмектеседі. Орта болмаса, ауыр деңгейлі депрессияда (жатып қалған жағдайда) тек қана психиатр ұсынған емдеу арқылы жазылуға болады.
Қайныш БАЙМАҒАНБЕТОВА
Денсаулық сақтаудағы саяси және ұйымдастыру кафедрасы
Басқа жаңалықтар

