Досжанның философиялық фотоальбомы

Университеттің 90 жылдық мерейтойына орай, ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі «Farabi universiteti – 90» кітап-фотоальбомын әзірлеп, жарыққа шығарды. Фотоальбомдағы фотосуреттердің авторы – ҚазҰУ түлегі, Философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Досжан Балабекұлы.
Философия докторы Досжан Балабекұлы фотоөнерімен ондаған жылдар бойы қолы бос уақыттарда айналысады. Фотография – философтың хоббиі. Ол Қазақстан журналистер одағының, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі. Бірқатар республикалық және халықаралық медиа байқаулардың жүлдегері. Бұдан бұрын Досжан Балабекұлының журналистика факультетінде оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлымен бірлескен «Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағы» және «Фотожурналист анықтамалығы» анықтамалық сөздігі жарық көрген болатын. «Qazaq universiteti» газетінде бас редактор болып ұзақ жыл еңбек еткен Досжан Балабекұлы ҚазҰУ қалашығына қатысты ғажайып фототуындылардың авторы. Оның университет қалашығында түсірілген фотосуреттері бүгінде медиа кеңістікте кең таралған. Тіпті ҚазҰУ-дың шетелдердегі филиалдарында ілінген Досжан Балабекұлының авторлық фотосуреттерін көруге болады.
Досжан оқытушылықтан тыс уақытында ҚазҰУ қалашығының басқалар байқай бермейтін керемет құбылыстарын объективпен ұстап алып, фотографияның керемет тілімен жариялап отырады. Көпшілік сүйсіне тамашалап, әдемі көріністерден ләззат алатын фотосуреттердің арғы жағында қаншама еңбек, қаншама ізденіс жатыр?! Оны түсіну керек. Көркем фотосуретті түсіру, оның ракурсын табу оңай жұмыс емес, көп адамның қолынан келмейтін өнер деуге болады. Жұрт кешке жұмыстан қайтқанда ол үшін фотографияның алтын уақыты басталады. Фотосурет деген – фотообъективте қатып қалатын қас-қағым сәт. Сол сәтті жіберіп алмайын деп, қас қарайғанға дейін ұтымды фотокадрларды іздейтін кезі болады. Таңғы елең-алаңда да солай. Кейде жұрт жұмысқа жиналып, үйінен шығатын кезде Досжан қалашықтағы фотожұмыстарын енді аяқтап жатады. Көп адамдар фото өнерін түсіне бермейді, сіз бен біз тамашалап қарайтын фотосуреттің қаншалықты уақыт пен кеңістікке байланғанын және оны сезінетін қандай түйсік, шынайы сүйіспеншіліктің керек екенін білу керек.
Қалың оқырманға ұсынып отырған «Farabi universiteti – 90» фотоальбомына Досжан Балабекұлының соңғы жылдардағы еңбегі жинақталып берілді. Мұндағы фотосуреттерде ҚазҰУ қалашығының жылдың төрт мезгіліндегі әртүрлі көрінісі бейнеленеді. Кампустағы оқу корпустары, спорт кешендері, тұрғын-жай ғимараттары әртүрлі ракурста табиғат құбылыстарымен астасып, ерекше көркем тәсілмен беріледі. Кітапты парақтап отырсаңыз, көп тылсым дүниені парықтайсыз. Бір суретте Алатаудың ақбас шыңы қою қараңғы түнмен ұштасып, студенттер қалашығының төбесінен шаншылып қарап тұрса, екіншісінде аппақ қарға малынып маужыраған қалың орманды көресіз. Кампус аумағында Досжанның нысанасына түз тағысы түлкі, орман тұрғыны тиіндер де ілініп тұрады. Көк аспандағы жөңкіліп жатқан ақбауыр бұлттарды да, тіпті жасынның жарқылын да Досжан бір мезетке сыйдырып, уақытты тоқтатып, алдарыңызға жайып салады.
Бұл кітап-фотоальбом Досжан Балабекұлының өзі оқыған, бүгінде ұстаздық етіп жүрген қара шаңыраққа тартуы. Университет ректоры Жансейіт Түймебаев ғылым және жоғары білім саласына сіңірген ерен еңбегі және Қазақ ұлттық университетінің өркендеуі мен дамуына қосқан зор үлесі үшін философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы, PhD Досжан Балабекұлын «Әл-Фараби» алтын медалімен марапаттады. Бұл университетке шын сүйіспеншілікпен еңбек етіп жүрген жас ғалымға үлкен қошемет, қолдау деп білеміз.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
Басқа жаңалықтар

